Тұрғындар әкімдік пен жауапты басқармаларды дереу әрекет етуге шақырды.
Көкшетауда жаңадан салынған жағадағы ғимараттың шатыры қатты желге төтеп бере алмай тұр. Желіде тараған кадрдан шатырдың кез келген сәтте жұлынып кетуі мүмкін екені анық байқалады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы
Тұрғындар бұл жағдайға қатты алаңдаулы. «Көктемде қар мен мұз еріген соң, су деңгейі тағы көтеріледі. Сол кезде жағаның жартысы судың астында қалуы мүмкін. Қазірдің өзінде шатыр желге шыдамай тұр. Бұлай жалғаса берсе, құрылыс мүлде қирап түсуі ғажап емес», – дейді жергілікті халық.
Әлеуметтік желідегі пікірлер де жағдайды айқын көрсетеді. Бірі: «Бұл – табиғи желдету, ертең «солай жоспарланған» деп шығарады» десе, енді бірі: «По-кокшетауски – істеді де, бітірмей тастады» деп мысқылдаған. Басқалары «нанотехнология» деп әжуалап отыр.
Жаңа нысан халыққа қуаныш емес, қауіп әкеліп тұр. Тұрғындар әкімдік пен жауапты басқармаларды дереу әрекет етуге шақырды. «Қайғылы жағдайды күтіп отырмай, мәселені қазір шешсін!» – деп талап етуде.