$ 542.8  637.84  6.49

Қапшағайдағы элиталық жерлер: олигархтар мен экс-шенеуніктер заңды белшесінен басып, халықтан жер тартып алған

Бұл аумақтың көлемі тіпті Қонаев қаласының жерінен асып түседі.

Фото: видеодан скрин
Фото: видеодан скрин

Қазақстанда жер дауы тағы да қызу талқыға түсті. Мәжіліс депутаты Базарбек Б.Ж. Бас прокурорға жолдаған депутаттық сауалында Қапшағай су қоймасы мен Іле өзенінің жағалауында заңсыз берілген 81 жер телімі бойынша сұмдық деректерді жария етті, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Тексеру нәтижесінде олардың 50-інде жер заңнамасын өрескел бұзу фактілері анықталған. Әсіресе, бұл учаскелер жақын туыстары мен сенімді тұлғалары арқылы экс-Президенттің айналасына, бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктер мен Forbes тізіміндегі олигархтарға берілгені қоғамды дүр сілкіндірді.

Базарбектің айтуынша, ДУЗР мен бассейн инспекциясының мамандары заңсыздықтарды тіркеп, иелеріне ресми ескертулер жасаған. Бірақ қазір бұл инспекторлар бизнес-элита мен ықпалды шенеуніктердің қысымына ұшырап отыр.

Депутат тек Капшагай мен Іле өңіріндегі жерлер емес, Алматы облысы Іле ауданындағы ауыл шаруашылығы жерлерінің де күмәнді жолмен үлестірілгенін атап өтті. Халықтан түскен шағымға сәйкес, ауданның бұрынғы әкімі Николай Логутов 14 жылдық қызметінде отбасына мыңдаған гектар жерді заңсыз беріп, бүгінде ұлы Константин Логутовтың иелігінде 10 мың гектардан астам жер бар.

Бұл аумақтың көлемі тіпті Қонаев қаласының жерінен асып түседі. Жергілікті тұрғындар мал жаюға да, егін егуге де мүмкіндік таппай отыр. Учаскелердің бір бөлігі «қызыл сызықта» және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға кіретініне қарамастан, жеке меншікке өтіп кеткен.

Депутаттық сауалда сондай-ақ Алматы облыстық прокуратурасының кейбір қызметкерлері Логутовтардың ісін жасырып отырған болуы мүмкін деген күдік айтылған. Базарбек Президенттің 2024 жылғы Жолдауын еске салып, заңсыз берілген және пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару туралы тапсырманы еске салды.

Енді Бас прокурордан депутат бұл істі ерекше бақылауға алуды, инспекторларға қысым жасауды тоқтатуды және Іле ауданындағы ауыл шаруашылығы жерлерін де мұқият тексеруді талап етті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары