$ 542.8  637.84  6.49

АҚШ-тағы кездесулерден қандай нәтиже шығатыны өзіміздің іскерлігімізге байланысты — Расул Рысмамбетов

АҚШ-тың Қазақстанмен байланыстың экономикалық жағына басымдық беріп, бізге инвестиция салуға ниетті компанияларына қолдау көрсетуі үлкен мүмкіндіктерге бастау бола алатынын айтады.

Фото: Алматы ақшамы
Фото: Алматы ақшамы

Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов БҰҰ саммиті аясындағы сапарды «темірді қызған кезде соққан» уақтылы қадам ретінде бағалап отыр. Сарапшы бұл кездесулер АҚШ пен Қазақстан басшыларының арасындағы байланысты жандандыратынын болжайды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

АҚШ-тың Қазақстанмен байланыстың экономикалық жағына басымдық беріп, бізге инвестиция салуға ниетті компанияларына қолдау көрсетуі үлкен мүмкіндіктерге бастау бола алатынын айтады. Әсіресе Wabtec компаниясымен арадағы локомотив сатып алу келісімінің ауқымы назар аударуға тұрарлықтай.

— Бұл Қазақстан компанияларының шетелдіктермен жасаған ең ірі мәмлелердің бірі. Қазақстан мұнаймен ғана шектелмей логистика саласына сапалы инвестиция тартып жатқаны қуантады, — дейді қаржыгер.

Расул Рысмамбетов Chevron басшылығымен өткен кездесудің астарына да үңіліп көрді.

— Chevron Қазақстанда мұнай секторының біраз бөлігін бақылауда ұстап отыр. Мұнай өндірісін үдетіп, қайта өңдеу көлемін кеңейту үшін тіпті қолданыстағы уағдаластықтардың шартын қайта қарау да керек болуы мүмкін. Өйткені ішкі қажеттілік артқан сайын шикі мұнайға деген сұраныс өзіміз де артатынын анық, — дейді сарапшы.

Сондай-ақ, Embraer компаниясы Қазақстанда өз ұшақтарына қызмет көрсету орталығын ашудың мүмкіндіктерін қарастырмақшы.

— Жүк тасымалында әуе жолының мүмкіндіктерін пайдалануға басымдық беріліп жатыр. Енді осының бәрін аяғына дейін жеткізіп, уәде етілген нәтижелерге қол жеткізу үшін тынымсыз әрі тыңғылықты жұмыс істеу керек. Ол үшін елшіліктегілер мен отандық компаниялар дипломатиялық байланысқа күш салуы қажет. АҚШ әлемнің барлық елі үшін жаһандық көрші болып есептеледі. Сондықтан бұл елмен байланыс әрқашан маңызды, — дейді қаржы сарапшысы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары