Қазақстандық шекарашылар мемлекеттік шекарадан 250-ден астам бас малды заңсыз өткізбек болғандардың жолын кесті, деп хабарлайды Skifnews.kz.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі мәлімдегендей, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Жетісай шекара отрядының шекарашылары Қазақстаннан көршілес Өзбекстанға 200-дей бас малды заңсыз өткізбек болғандардың жолын кесті. Тексере келгенде инженерлік құрылғылардың бұзылғандығы анықталды.
Малды айдап өтпекші болғандар оқиға болған жерден қашып құтылды, оларды іздестіру жұмыстары жалғасуда.
«Сондай-ақ, Қарасай шекара отрядына (Алматы облысы) қарасты учаскеде 16 жылқының жайылып жүргендігі анықталды. Тексере келгенде шекара қоршауының бұзылғандығы анықталды. Жылқыларды көрші ел аумағынан бері қарай, жайылым үшін айдап өткендігі белгілі болды», делінген хабарламада.
Одан бөлек, осы отряд шекарашылары қырғыз жеріне 40 бас қойды айдап өтпек болған еліміздің азаматын ұстады.
Қазіргі уақытта аталған деректер бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде.