"Балаларым қорқып жылады".
Алматы облысының Текелі қаласында түн ішінде бірнеше баланы қамқоршы әйелден тартып алу оқиғасы қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Балаларды бағып отырған әйел бұл әрекетті «балаларымды ұрлау» деп бағаласа, билік өкілдері «қамқоршы өз міндетін өрескел бұзды» деп отыр. Анасының жанайқайы Елена Грищенко есімді қамқоршы әйелдің айтуынша, 24 қыркүйек күні түн ортасында бөлім қызметкерлері полициямен бірге келіп, балаларды күштеп алып кеткен.
«Балаларым қорқып жылады. Тіпті таңғы 10-да өздері хабарласып, аш екендерін айтты. «Анашым, тамақ әкелші» деп жылап сұрады. Балаларды осылай түн ішінде алып кетудің не қажеті болды?» – дейді ол.
Әйелдің сөзінше, балалар оны «мама» деп атайды, ал өзі оларды туғанындай жақсы көреді.
«Мен ешқашан оларға жамандық жасаған емеспін. Не үшін бір күнде тартып әкеткенін түсінбеймін» – деп көзіне жас алды. Көршілердің пікірі Оқиғаны көрген көршілері де әйелді жақтап отыр. «Бұл отбасыға шаң шаға алмайсың. Балалар әрдайым таза, киінген, аулада ойнап жүретін. Ешқандай қиянат көрмедік. Керісінше, анасы балаларды жақсы бағып отырды. Ал биліктің бұл әрекеті тек статистика үшін жасалған сияқты», – дейді олар.
Алайда ресми мәлімет мүлде басқа. Алматы облысының білім басқармасы қамқоршылық құқығы 24 қыркүйекте тоқтатылғанын растады. Негізгі себеп – «қамқоршы мұрагерлік қаржыны дұрыс жұмсамағаны және заңды міндеттерін өрескел бұзғаны». Бұл факт құжатпен расталғаны айтылып отыр. Қамқоршының өзі де актімен танысып, қол қойғаны көрсетілген. Ресми түсіндірмеде балалардың ешқашан қараусыз қалмағаны, оларға медициналық көмек пен тамақ берілгені жазылған. 25 қыркүйектен бастап олар Талдықорғандағы бейімдеу орталығына орналастырылған. Әлеуметтік желіде халық екіге бөлінді. Бірі «шын мәнінде жақсы отбасыдан балаларды тартып әкету – әділетсіздік» десе, екіншісі «егер заң бұзылса, мемлекет араласуға міндетті» деген пікірде. Тіпті кейбіреулер бұл істі «балаларды сылтаумен тартып алу» деп бағалады.