29.09.2025, 17:50

Солтүстік Қазақстанда құстар жаппай қырылуда: халық ашулы, билік үнсіз (ВИДЕО)

Фото: Getty Images

"Барлығын әдейі улап жатыр". 

 

Солтүстік Қазақстан облысында үй құстарының жаппай қырылуы халықтың ашу-ызасын тудырды.

Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданына қарасты ауылдарда тауықтар, қаздар, үйректер мен бройлерлер бір күнде топ-тобымен қырылып жатыр. Ауыл тұрғындары әлеуметтік желіде дабыл қағып, өздерінің басынан өткен жағдайды бөлісуде.

«38 қазымнан төртеуі ғана қалды. 25 бройлерден біреуі ғана тірі. 38 үй тауығынан бесеуі ғана қалды. Енді жаңа шыққан балапандар қырыла бастады», – деп жазды Петропавл тұрғыны. Кейбіреулер қырылудың себебі жемнен деп болжайды.

«Корма қайдан аласыздар? Былтыр да күзде құстар жаппай қырылғанда, қоймада өткен жылдан қалған дәні барлардың құсы өлмеді. Ал жаңадан жем алғандар түгел шығынға батты», – дейді тұрғын.

Басқа бірі: «Жемді төккенде шаңынан ащы дәрінің дәмі шығып тұрды. Барлығын әдейі улап жатыр», – деп ашынады. Тұрғындар арасында «Бұл – әдейі жасалған уландыру», «Ауаны улап жатыр, тіпті көгершіндер де себепсіз өліп жатыр», «Жеке шаруашылықтарды жоюдың амалы ма?» деген пікірлер де бар. Бірақ бәрі бір ауыздан шығынның орасан екенін айтады. «Қанша еңбек, қанша ақша мен күш зая кетті. Бұл халықтың нәпақасы, күнкөрісі еді. Бейшара халыққа кім жаны ашиды?» – деп жазады ауыл тұрғындары.

Ветеринарлық мамандардың да пікірі әртүрлі. Бірі бұл жағдайды вакцина жасалмаған құстардың жаппай ауруға шалдығуымен байланыстырады.

«Фабрикаларда балапан шыққаннан бастап түрлі ауруға қарсы егіледі. Ал ауылдағы иелері вакцина салмайды. Сондықтан құс есейгенде қырыла бастайды», – дейді маман. Ал кейбірі бұл құбылыстың инфекциялық сипатта екенін айтып, «өлікті дереу сараптамаға жіберу қажет» деп отыр.

Ауыл халқы болса биліктің үнсіздігіне ашулы.

«Сейсенбі күні келіп, талдау алды да, сонымен бітті. Бізге нақты жауап жоқ. Қайда қоңырау шалатынымызды да білмейміз», – дейді қырылған құстардың иелері.