30.09.2025, 10:30

Атырауда 8 жасар қызды белгісіз ер адам алып қашпақ болды (ВИДЕО)

Фото: видеодан скриншот

Жанынан өтіп бара жатқан куәгерлер күдіктіні тоқтатып, баланы құтқарып қалған.

Атырау қаласының Нұрсая ықшамауданында төбе шашты тік тұрғызатын оқиға болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

29 қыркүйек күні кешкі сағат 21:00 шамасында белгісіз ер адам 8 жасар қызды күштеп алып кетпек болған. Дәл сол сәтте жанынан өтіп бара жатқан куәгерлер күдіктіні тоқтатып, баланы құтқарып қалған. Куәгерлердің айтуынша, оқиға орнында тұрғандар дереу полицияға хабарласқанымен, тәртіп сақшылары жарты сағатқа жуық уақыт бойы келмеген. Осы уақыт аралығында күдікті ізін суытып үлгерген. Ақыры қыздың анасы мен куәгерлердің өзі полиция бөлімшесіне баруға мәжбүр болған. Желіде тараған бейнежазбада оқиғаға куә болғандар күдікті ер адамның сырт келбетін сипаттап, оның үстінен шағым түсіргенін айтады. Ал ата-аналар бұл жағдайдан кейін балаларын қараусыз қалдыруға қорқып отыр. Көпшілік желі қолданушылары оқиғаны талқылап, полицияны салғырттық танытқаны үшін сынға алды.

«Сақал қойғандардың бәрін намазханға теңемейік, бұл – дінге сын емес», – деген пікір де бар.

Тағы біреулер «қыздың өмірін сақтап қалған батыл адамдарға алғыс айту керек» деп жазды. Ал кейбірі «егер полиция дер кезінде жетпесе, халықтың өзі дала заңымен жазалауға мәжбүр болады» деп ашуға булыққан. Қазір бұл оқиға бойынша құқық қорғау органдары ресми түсініктеме берген жоқ. Дегенмен жұртшылық «бала құқығы мен қауіпсіздігіне келгенде, салғырттыққа жол берілмеуі тиіс» деп талап қойып отыр.