$ 549.06  644.87  6.66

1 трлн қайтпай қалған қарыз: мемлекет банктерді құтқарып, халықты ұмытты ма?

Фото: freepik
Фото: freepik

2017 жыл ел тарихындағы ең үлкен қаржылық құтқару жылы болды. Сол кезде мемлекет банктерді күйреуден аман алып қалу үшін қазынадан 1,4 трлн теңге бөлді. Банктер бұл ақшаны 15 жылға бар болғаны 4 пайыздық мөлшерлемемен алды. Қағаз жүзінде несие болғанымен, шын мәнінде ол банктерге жасалған көмек еді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Алайда содан бері жеті жыл өтті. Банк ЦентрКредит қарызын толық жапқан санаулы мекеменің бірі болса, Bank RBK небәрі 30 млрд теңге ғана қайтарды. Еуразиялық банк пен Нұрбанк алған қаржыны бір тиын да қайтарған жоқ. Ал ең көп қолдауды көрген Jusan Bank мүлде басқа деңгейде. Цеснабанк пен АТФ банктің қарыздары да соған өткен. Мемлекет оған проблемалық несиелерін сатып алу арқылы 1 трлн теңгеден астам қаржы құйды. Бұл ақша енді қайтарылмайды. Оның үстіне Jusan Bank-тің қолында тағы 859 млрд теңге тұр, оны 2045 жылға дейін пайдалануға рұқсат алған.

Сонда кім ұтты? Банктер. Ал халық ше? Олар арзан қаржы алып отырса да, қарапайым жұртқа несие пайызын төмендеткен жоқ. Керісінше, соңғы бір жылда қазақстандықтардың кредиттік жүктемесі 23,8 пайызға өсіп, қазір халықтың мойнында 25 трлн теңгеге жуық қарыз бар.

Экономистердің сөзі бір-ақ нәрсені аңғартады: 2017 жылғы қадам қысқа мерзімде банктерді сақтап қалды. Бірақ ұзақ мерзімде әділетсіз болды. «Банктер банкротқа ұшырамады, депозиттер күйіп кетпеді, төлем жүйесі тоқтаған жоқ. Бірақ арзан ақша халыққа жетпеді, пайдасы тек банктерге қалды», – дейді сарапшы Бауыржан Ысқақов.

Енді Үкімет жаңа заң жобасын әзірледі. Ендігәрі бюджет есебінен банктерді құтқару тоқтатылады. Мемлекет тек жүйелік маңызы бар банкке ғана қолдау көрсете алады. Бірақ бір талап бар: қарыз толық өтелмейінше, акционерлерге дивиденд төлеу, топ-менеджерлерге сыйақы бөлуге тыйым салынады.

Бұл шешім әділ бе? Бір жағынан, мемлекет уақытында банктерді құлатпай, бүкіл қаржы жүйесін сақтап қалды. Екінші жағынан, салық төлеушінің ақшасымен құтқарылған банктер халықты жеңілдікпен несиеге отырғызудың орнына, әлі күнге еселеп пайда тауып отыр.

Қарапайым жұрттың көкейіндегі сұрақ орынды: «Мемлекет қолдаған банктер неге халыққа арзан несие бере алмады?»

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 1

Серіктес жаңалықтары