Ескі автобустардың жолда сынып қалуы қалыпты жағдайға жеткен.
Ақтөбеде қоғамдық көліктің мәселесі халықтың ашу-ызасына айналды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ескі автобустардың жолда сынып қалуы қалыпты жағдайға жеткен. Тіпті дөңгелегі түсіп қала жаздаған көліктерге күн сайын мінуге мәжбүр болған жұрттың шыдамы таусылды. Ата-аналар балаларын мектепке қорқынышпен жіберіп отыр. «Халықтың өмірі ойыншық емес» деген жанайқай жылдар бойы айтылғанымен, биліктен нақты нәтиже жоқ. Әкімдік пен тасымалдаушы компания жыл сайын «жол жөнделген соң шешеміз» деп құрғақ уәдемен құтылуда. Қаладағы Бауырластар, Сазды және өзге де шағынаудандарда 10 мыңнан астам адам тұрады.
Бірақ олардың қажеттілігіне сай автобус жетіспейді. Жаңа оқу жылы басталған соң жағдай одан әрі қиындады. Өйткені мектеп автобустары тоқтап, балалар да осы ескі көліктерге тәуелді болып қалды. Әлеуметтік желілерде тараған видеолар тұрғындардың ашу-ызасын тудырды. «Қазақстан бойынша ең дамымай қалған облыстың бірі — Ақтөбе облысы» деген пікірлер жиілеп, жергілікті билікке сын күшейді. Халықтың талабы анық: ескі автобустарды шұғыл жаңарту, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халық санына сай автобус санын көбейту. Бұл — жай өтініш емес, мыңдаған адамның қауіпсіздігіне қатысты мәселе.