$ 549.06  644.87  6.66

1 қазаннан бастап қазақстандықтардың өмірінде қандай өзгерістер болады?

Қазан – кәсіби мерекелер айы.

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Қазан айы – тек күздің салқын тынысы ғана емес, ел өміріндегі маңызды мерекелер мен жаңа тәртіптердің айы. 1 қазаннан бастап Қазақстанда бірқатар өзгерістер күшіне енеді. Олардың ішінде кәсіби мерекелер, банктік шектеулер, салық төлеу мерзімі, медициналық талаптар, виза құны, интернет пен мобильді байланыс ережелері бар.

Қарттар күні

1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Бұл мереке 1990 жылы БҰҰ Бас ассамблеясының шешімімен енгізілген. Қазақстанда жыл сайын атап өтіліп, аға буынға құрмет көрсетіледі.

Мұғалімдер күні

Қазақстан ұстаздарының кәсіби мерекесі – 5 қазан. Бұған дейін бұл мереке қазан айының бірінші жексенбісінде аталып өтетін. Енді әлемнің 100-ден астам елі секілді Қазақстанда да нақты күн – 5 қазан болып белгіленді. Бұл күні білім саласына сүбелі үлес қосқан ұстаздар марапатталады.

Қазан – кәсіби мерекелер айы

Қазан айында Қазақстанда түрлі сала қызметкерлерінің кәсіби мерекелері атап өтіледі:

Радио күні – 1 қазан

Қорғаныс өнеркәсібі қызметкерлері күні – 6 қазан

Кәсіподақтар күні – 10 қазан

Құтқарушы күні – 19 қазан

Орман шаруашылығы қызметкерлері күні – қазанның үшінші жексенбісі

Кітапханашылар күні – 24 қазан

Әлеуметтік қорғау қызметкерлері күні – қазанның соңғы жексенбісі

Күзет ұйымдарының қызметкерлері күні – 29 қазан

Республика күні – ұзартылған демалыс

25 қазан – Республика күні. 2025 жылы бұл күн сенбіге түсіп тұр. Сол себепті ресми түрде демалыс дүйсенбіге – 27 қазанға ауыстырылады.

Үш күн қатарынан демалыс болады

25 қазан, сенбі – демалыс

26 қазан, жексенбі – демалыс

27 қазан, дүйсенбі – демалы

“Отбасы банк” жаңа шектеулер енгізеді

1 қазаннан бастап “Отбасы банк” аренда және ипотека төлемдерін онлайн қабылдауға шектеу қояды. Енді төлемдер тек жұмыс күндері сағат 9:00-ден 17:00-ге дейін бөлімшелерде немесе “Баспана Маркет” порталы арқылы жасалады. Порталдағы өтінімдер үш жұмыс күнінде қаралады. Банк клиенттерге төлемді алдын ала жүргізуді ескертті.

Мүлік салығын төлеудің соңғы күні – 1 қазан

Қазақстан азаматтары 2024 жылға арналған мүлік салығын 1 қазанға дейін төлеуі тиіс.

Салық нысан құны мен иелену мерзіміне қарай есептеледі.

Жеңілдіктер ардагерлерге, мүгедектігі бар азаматтарға, көпбалалы аналарға, зейнеткерлерге қарастырылған.

Уақытында төлемеген жағдайда айыппұл салынып, шоттар бұғатталып, шетелге шығуға шектеу қойылады.

Салықты e-Salyq Azamat қосымшасы, egov.kz, банктердің мобильді қосымшалары мен банкоматтары арқылы төлеуге болады.

Чемпиондар лигасы: “Қайрат” ойыны

21 қазанда “Қайрат” өз алаңында Кипрдің “Пафос” клубымен кездеседі. Матч 21:45-те басталады. Бұл – алматылық клубтың Чемпиондар лигасындағы екінші ойыны. Бұған дейін олар мадридтік “Реалмен” ойнады.

Медқызметкерлерге маска тағу міндеттеледі

15 қыркүйектен бастап Қазақстанда тұмауға қарсы вакцинация басталды. Осыған байланысты бас санитар дәрігердің жаңа қаулысы жарияланды.

1 қазаннан бастап барлық медициналық ұйымдарда маска тағу режимі қайта енгізіледі. Сондай-ақ дезинфекциялық шаралар күшейтіледі.

АҚШ визасы қымбаттайды

1 қазаннан бастап АҚШ-қа бару үшін жаңа алым енгізіледі. Visa Integrity Fee деп аталатын бұл төлем – 250 доллар (шамамен 135 мың теңге). Ол туристік, еңбек, студенттік және өзге де қысқа мерзімді визаларға қолданылады.

2026 жылдан бастап бұл төлем жыл сайын инфляция деңгейіне қарай қайта қаралады.

Қазақстандағы алғашқы АЭС: атау байқауы

Қазақстанда алғашқы атом электр станциясына атау беру бойынша байқау басталды. Әрбір қазақстандық eGov Mobile арқылы өз нұсқасын ұсына алады.

Ұсыныстарды қабылдау мерзімі – 10 қазан, сағат 23:59-ға дейін.

Мобильді байланыс пен интернеттегі өзгерістер

Beeline – “Турбокнопка” бизнес-пакеті жаңарады: қосымша интернет көлемі ұлғайып, бағасы өзгереді.

Tele2/Altel – 7 қазанда Жетісу облысында 3G желісі сөндіріледі (Талдықорған, Текелі, Қарабулак). Абоненттерге 4G-ге көшу ұсынылады.

Tele2 – “Привет, сосед!” жаңа халықаралық пакеті іске қосылады. Ол Ресей мен Өзбекстанға қоңырауларды арзандатады.

GoGames – 13 қазаннан бастап жаңа ойын платформасы іске қосылады.

Altel SIP-телефония – тарифтер қымбаттайды, бірақ минут саны артады.

Wi-Fi ережелері – 4 қазаннан бастап қоғамдық орындардағы интернетке кіру үшін SMS арқылы немесе eGov ЭЦҚ-мен авторизация қажет болады.

2–4 қазан аралығында Астанада Digital Bridge 2025 халықаралық форумы өтеді. Бұл – аймақтың ең ірі IT шарасы.

Оған Telegram негізін қалаушы Павел Дуров, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев және әлемдік сарапшылар қатысады. Форум аясында alem.ai жасанды интеллектінің халықаралық орталығы ашылады.

Туризм: Мысыр жаңа талап енгізді

1 қазаннан бастап Шарм-эш-Шейхке 21 жасқа дейінгі қазақстандық туристер тек ата-анасымен немесе ресми өкілдерімен ғана бара алады. Басқа туыстарымен барса, нотариалды сенімхат талап етіледі.

Жаңа әуе рейсі: Ақтау – Шарджа

29 қазанда SCAT әуе компаниясы Ақтау – Шарджа бағытында тікелей рейс ашады. Аптасына екі рет орындалады.

1 қазаннан бастап Қазақстанда түрлі салаларды қамтитын өзгерістер күшіне енеді. Салық пен банк ережелерінен бастап, медициналық талаптар мен интернетке дейін жаңа тәртіптер енгізіледі. Сонымен бірге, қазан айы қазақстандықтар үшін мерекелерге, мәдени шараларға және спорттық бәсекелерге толы болмақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 9
Ұнамайды 1
Күлкілі 3
Ашулы 2

Серіктес жаңалықтары