"Бұл – болашаққа инвестиция".
Алматыда өткен тарихи «Қайрат» – «Реал Мадрид» ойыны тек футбол мерекесі ғана емес, елімізге жаңа мүмкіндіктердің есігін ашқан үлкен тәжірибе болды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нартай Аралбай пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, осындай ауқымды шара Қазақстанның халықаралық имиджін көтеріп қана қоймай, экономикаға да серпін берді.
— «Мыңдаған жанкүйерлер келді, олар біздің әсем Алматыны көрді. Ертең турист болып қайта оралады. Бұдан бөлек, әлемдегі миллиондаған футбол жанкүйерлері «Реал Мадридтің» ресми парақшалары арқылы Қазақстанды көрді. Команда біздің елден жүздеген фото мен сторис салды. Мұндайды сирек кездестіреміз», – деді депутат.
Аралбайдың сөзінше, бұл тек спорттық шара емес, елдің брендіне әсер ететін оқиға болды.
— «Орталық Азияда осындай алып аренаның барын, футбол державасы ретінде қалыптасып келе жатқан ел барын көрсеттік. Бұл – болашаққа инвестиция», – деді ол.