02.10.2025, 12:00

Экс-банкир Жомарт Ертаев түрмеге қайта тоғытылады

Фото: kaznovosti.kz

Оның айтуынша, Жомарт Ертаевқа қатысты сот қаулысы бұзылған. 

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан 11 жылға бас бостандығынан айырылған Жомарт Ертаевтың рақымшылыққа ілінуі туралы шешім қайта қаралғанын хабарлады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оның айтуынша, Жомарт Ертаевқа қатысты сот қаулысы бұзылған. 

— Өтінішімді қолдап, әділ шешімге ықпал еткен Бас прокуратура, Алматы облысының прокуроры мен сотына, сондай-ақ мәселені алғаш көтерген журналистер қауымына алғыс айтамын, — деп жазды ол.

Бұл дерекке қатысты тағы бір Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи пікір білдірді. Ол прокуратураның қарсылық келтіруі бойынша Жомарт Ертаев қайтадан қамауға алынатын растады.

Еске салайық, 2020 жылы RBK Bank-тен 144 миллиард теңге жымқырғаны үшін сотталған белгілі банкир Жомарт Ертаев жалпы режимдегі колониядан босатылды.

Жомарт Ертаев 2018 жылғы мамырда Мәскеуде Қазақстан ІІМ Интерпол ұлттық орталық бюросының сұрауы бойынша ұсталған. Ол аса ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген күдікпен халықаралық іздеуде болған. 2019 жылғы наурызда ол Ресей Федерациясынан Қазақстанға экстрадицияланды.

Тергеу дерегінше, Ертаев 2011-2017 жылдары қызметтік өкілетін пайдаланып, алдын ала сөз байласқан тұлғалармен бірге «Bank RBK» АҚ-нан 144 млрд теңге жымқырды деген күдікке ілінді.

Бұл іске барлығы 54 адам тартылып, олардың қатарында 41 топ-менеджер мен банк қызметкерлері болған.

2020 жылғы қарашада Алматы соты Жомарт Ертаевты 11 жылға бас бостандығынан айырды.

Биыл қыркүйек айында рақымшылыққа ілініп, Жомарт Ертаев бостандыққа шықты.