03.10.2025, 11:50

Шымкенттегі дәретхана дауы: халық қиналып жүр, әкімдік көрмегендей кейіп танытқан

Фото: Pixabay

"Туалет үшін 100 теңге төлейміз, бірақ жағдай жоқ".

 

Шымкент – миллионнан астам халқы бар қала. Бірақ осындай ірі қалада ең қарапайым инфрақұрылым – дәретхана мәселесі шешілмей отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Жаңа салынған, заманауи ғимараттар тұр, бірақ есігі жабық. Халық ашулы: балалар қайда барсын, үлкендер қайда барсын? Бұл тек ыңғайсыздық емес, бұл – санитарлық жағдай, қала мәдениетінің көрсеткіші. Соңғы күндері әлеуметтік желілерде осы тақырып қызу талқыланды. Тұрғындар ашық жазып жатыр:

«Саябақта бір-ақ дәретхана бар, ол да істемейді. Миллиондарға салғанша, төрт қабырға мен шұңқыр қазып қойсаңдар да халыққа пайдасы тиер еді». «Туалет үшін 100 теңге төлейміз, бірақ жағдай жоқ. Бұл не деген масқара?!» «Туризмді дамытамыз дейді. Турист келсе, қайда барады? Өзіміз де қиналып жүрміз». «Шымкентте қоғамдық орындардағы дәретханалар үнемі жабық. Абай саябағында да солай». Бір тұрғын тіпті: «Бұл жағдайдан ұялмай ма әкімдіктегілер? Дәретхана жоқ қалада туризм туралы айтудың өзі – халықты алдау» – деп кесіп айтты.

Әкімдіктің үнсіздігі – халықты ашуландырып отыр Әкімдік тарапынан нақты жауап жоқ. Миллиондар бөлінген, бірақ нәтиже көрінбейді. Ал дәретхана – бұл ұсақ-түйек емес, ең әуелі халықтың жайлылығы мен денсаулығы. Әрбір демалыс күндері саябақтарда мыңдаған адам жүреді. Балалар, қарттар, жүкті әйелдер бар. Ал соларға қарапайым жағдай жасалмаған. Бұл – халыққа деген құрметсіздік.

Саябақтағы абсурд

– Саябақта әдемі субұрқақ бар, бірақ дәретхана істемейді.

– Жаңа жолдар төселген, бірақ есігі жабық әжетхана тұр.

– «Туризм, инвестиция, даму» деп мақтанады, бірақ халық дәретхана таппай қиналады.

Бұл – абсурд жағдай. Қарапайым инфрақұрылымсыз қала мәдениетті қалаға айналмайды.

Халық не күтеді?

Халықтың талабы қарапайым:

1. Қоғамдық дәретханалар ашық болсын.

2. Бағасы әділ болсын. Қарапайым халықтан 100 теңге жинаудың өзі ұят.

3. Әкімдік бақыласын. Дәретханалар таза, қолжетімді, тұрақты жұмыс істеуі керек.

4. Туризмді айтпас бұрын, алдымен дәретхана мәселесін шешсін. Шымкент әкімдігі үлкен форум өткізіп, «миллиардтаған инвестиция тартамыз» деп мақтана береді.

Бірақ халық күнделікті өмірде қарапайым дәретханаға кіре алмай жүр. Бұл – жай ғана тұрмыстық мәселе емес. Бұл – қала мәдениетінің, билік жауапкершілігінің көрсеткіші. Егер билік халықты шынымен ойласа, ең алдымен дәретхана мәселесін шешуі керек.