06.10.2025, 13:20

Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы жағымды жаңалығын бөлісті (ФОТО)

Фото: instagram.com/aitym

Бұл туралы Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Instagram-дағы парақшасында жазды.

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенованың есімі мемориалдық қабырғаға жазылып, ел тарихына әсер еткен тарихи тұлғалар қатарына қосылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Instagram-дағы парақшасында жазды. Оның сөзінше, Қостанайға жету үшін олар анасы екеуі 1600 шақырым жолды еңсеріп өткен.

— 4 қазан күні таңертең анашыммен бірге Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Амангелді ауылына қарай жолға шықтық. Бүгін таңертең Астанаға қайтып келдік. Біз 1600 шақырым жолды 19 сағатта жүріп өттік, — деп жазды Айтбек.

Сонымен қатар ол сапарының мақсатын атады. Айтуынша, өңірдегі «Амангелді» туристік кешеніндегі мемориалдық қабырға қарындасы марқұм Салтанат Нүкенованың есімі орналастырылған. Осылайша Салтанат Қазақстан тарихына әсер еткен тарихи тұлғалар қатарына қосылды.

— Саяхаттың мақсаты — Сапар Ысқақов негізін қалаған «Амангелді» туристік кешеніне бару болды. Сол жерде мемориалдық қабырға мен пантеон орналасқан. Пантеонда Қазақстан тарихында елеулі орын алған тұлғалардың арасында Салтанаттың есімі жазылған мемориалдық тақта орналастырылды. Бұдан бұрын Павлодардан топырақ жіберіп, оны пантеондағы мемориалға орналастырған едік. Мұнда Салтанат Қазақстан тарихына әсер еткен тарихи тұлғалар қатарына қосылды. Жолдағы әр шақырым мен сағат осы сапарға тұрарлық болды. Бұл біздің Салтанат туралы жаңа әрі қымбат естелігіміз болып қалды, — деп түйіндеді ол.