Қазақстанда соңғы төрт жылда бюджеттен 1,3 миллиард теңге бөлініп, 47 мультфильм түсірілген.
Бірақ сол мультфильмдерді балалардың өзі көрмеген. “Казахфильмнің” өнімдері кинотеатрға шықпаған, ал YouTube-та әрқайсысы небәрі 200 қаралым жинаған. Бұл деректі Есеп комитетінің аудиті анықтады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Мемлекеттен бөлінген қаржы желге ұшқандай. Балаларға арналған контент жасауға миллиардтаған теңге жұмсалғанымен, ол экранға жетпеген. Ал біздің балалар әлі күнге дейін шетелдік мультфильмдерді көріп отыр.
Желі қолданушылары бұған наразы:
— “Неге менің қызым ресейлік ‘Үш мысықты’ көріп отыр, ал өзіміздің мультфильмдер қайда?” — деп жазды ата-аналардың бірі.
Сарапшылар мұны мәдениет саласындағы ашықтықтың жоқтығымен байланыстырады. Мемлекеттік тапсырыспен жасалған жобалар көп жағдайда есеп үшін ғана орындалып, көрерменге жетпей қалады.
Бұл оқиға – отандық анимация саласындағы жүйелі дағдарыстың көрінісі. Бір жағынан қаржы бар, екінші жағынан нәтиже жоқ.
Миллиардтаған теңге жұмсалды, бірақ бірде-бір бала көрмеген мультфильм – бұл өнер емес, бюрократияның жемісі.