07.10.2025, 19:20

Елімізде қолма-қол ақшасыз төлемдердің саны артты

Фото: gov.kz

Ұлттық Банктің мәліметінше, барлық транзакцияның 98%-ы қолма қол ақшасыз форматта жасалған, ал QR-код арқылы төлемдер POS-терминалдарды басып озды.

Қазақстанда жарты жылда қолма-қол ақшасыз төлемдердің көлемі 100,7 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 20%-ға артқан, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Ұлттық Банктің мәліметінше, барлық транзакцияның 98%-ы қолма қол ақшасыз форматта жасалған, ал QR-код арқылы төлемдер POS-терминалдарды басып озды.

Ұлттық Банктің төлем жүйелері арқылы жалпы 746 трлн теңгеге 54,6 млн операция орындалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда көлемі бойынша 9,2%-ға, саны жағынан 34%-ға көп.

Бірінші жартыжылдықта халық төлем карточкалары мен банктердің мобильді қосымшаларын белсенді қолданған. 

"Халықаралық ақша аударымдары қысқарды: шетелге жіберілген қаражат көлемі 16%-ға азайып, 321 млрд теңгені құрады. Қазақстанға түскен аударымдар да 105 млрд теңгеге дейін төмендеді.

Төлем ұйымдарының айналымы өсіп, 4,6 трлн теңгеге жетті. Ең көп сұранысқа ие қызмет – онлайн төлемдерді өңдеу. Дегенмен Ұлттық Банк заң бұзған бірнеше ұйымды тіркеуден шығарып, айыппұлдар салды", – делінген хабарламада.

Қаржы нарығының қауіпсіздігі үшін қашықтан сәйкестендіру сервисі мен Антифрод-орталық белсенді жұмыс істеді.

Алты айда 23,5 млн биометриялық тексеру жүргізіліп, 2,3 млрд теңгенің алаяқтық транзакциясы бұғатталды.