Аудандық білім бөлімі мәселенің себебін ауа райынан көріп отыр.
Шығыс Қазақстан облысы, Шемонаиха қаласында қыркүйек айында ғана ашылған жаңа №4 Шәкәрім атындағы мектептің төбесі опырылып, қабырғалары сыз тарта бастаған. Бұл нысан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып, Samruk-Kazyna Construction бақылауында жүзеге асқан, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ресми дерекке сай, мектеп «заманауи және жайлы оқу орны» ретінде таныстырылған. Онда STEM және робототехника кабинеттері, зертханалар мен интерактивті сыныптар бар делінген. Бірақ ашылғанына бір ай өтпей жатып, төбеден су ағып, сылақ үгітіліп түсе бастаған.
Ата-аналар бұл жағдайға ашулы: «Мұндай шатырмен мектепті қалай қабылдаған? Балалар төбеден бірдеңе құлап кетеді деп қорқып жүруі керек пе?», деп жазды тұрғындар әлеуметтік желіде.
Аудандық білім бөлімі мәселенің себебін ауа райынан көріп отыр.
«Қатты жаңбыр мен жел кезінде екі ғимараттың түйіскен жерінен су өткен. Қазір кепілдік шеңберінде мердігер “Азия” ЖШС ақауды жоюда», — деді бөлім басшысы Елдос Ұйбасаров.
Алайда тұрғындар бұл түсіндіруге сенбейді.
Халықтың пікірінше, мәселе жаңбырда емес — ШҚО әкімдігінің сапасыз нысанды қабылдап алуында. «Мектепті уақытында тапсырдық деп есеп беру үшін сапаны ұмытқан. Бір ай өтпей қабырғасы сыз тартқан, төбесі құлаған ғимарат балаларға қауіп төндіреді. Ал әкімдік “бәрі бақылауда” деп жұртты жұбатып отыр», — дейді ата-аналар.