14.10.2025, 10:00

Тараздағы көпқабатты үйді су басты: тұрғындар ТЭЦ пен мердігерді кінәлауда (ВИДЕО)

Фото: Видеодан алынған кадр

Пәтер иесі биыл ғана жылыту жүйесіне жөндеу жүргізілгенін айтып, жауапты мекемелерден әділдік талап етті.

Тараз қаласында орталық жылу жүйесі қосылған күні бірқатар тұрғындардың пәтерін су басып қалды. «Taraz_v_obektive» парақшасы жариялаған бейнежазбада еден мен жиһаздар суға малынып, адамдар шелектеп су шығарып жатқаны көрінеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.  Пәтер иесі биыл ғана жылыту жүйесіне жөндеу жүргізілгенін айтып, жауапты мекемелерден әділдік талап етті: «Түнімен су сордық. Биыл ғана жылыту жүйесін ауыстырған еді, ал бүгін бәрін су басты. Қайда бару керек, кім жауап береді?» – дейді тұрғын. Интернет қолданушылары оқиғаға ашу білдіріп, мердігер мен ТЭЦ қызметін сынға алды: «Сотқа беру керек, жылу берер алдында әр үйдің құбырын тексеруі тиіс еді», – деп жазды пікір қалдырушылардың бірі. «Тіпті экраннан-ақ бұл ауыртпалық сезіледі», – деп қосты тағы бірі. Ал «Jambyl109» қызметі тұрғынның шағымын тіркеп, қала әкімдігіне жолданғанын хабарлады. Қазір жауапты органдар оқиғаның себебін анықтап жатыр. Бұл жағдай – Тараздағы жылу маусымы басталғандағы алғашқы апатты оқиғалардың бірі. Жыл сайын қайталанатын мұндай жағдайлар – ескі инженерлік желілер мен бақылаудың әлсіздігін тағы да дәлелдеп отыр.