"ЦОН базар емес қой".
Тараз қаласындағы ХҚКО-да болған оқиға қоғамда қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Әлеуметтік желіде тараған видеода көпбалалы ана өз флешкасын пайдаланбақ болғанда, қызметкерлер «тек біздің флешканы сатып алу керек» деп, 800 теңгеге жаңа флешка алуға мәжбүрлегенін айтады.
«ЦОН базар емес қой. Ішінде сауда қызып жатыр. Егер сауда жасайтын болса, көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мүмкіндік берсін», – дейді бейнежазба авторы. Желі қолданушылары екіге бөлінді: бірі ананы қолдап, мемлекеттік мекемеде жеке сауда жүргізу заңсыз деп ашуланса, енді бірі «флешка керек болса, сол жерден алуға неге болмайды?» деп пікір қалдырды.
Қала тұрғындары бұл жағдайға әкімдік пен министрліктің назар аударуын сұрайды.
«Халыққа қызмет көрсету орталығы – бизнес нүктесі емес, халыққа арналған орын болуы тиіс», – деп жазып жатыр ашулы пікір иелері.