Сарапшының пікірінше, бұл өңірдің бизнес-климатына оң ықпал етіп, шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді.
Қостанай облысында Kia Qazaqstan зауыты іске қосылды — бұл Оңтүстік Кореядан тыс орналасқан Kia брендінің алғашқы толық циклды зауыты. Жобаның жалпы құны 131 миллиард теңгеден асады, және бұл – еліміздегі өңдеуші сектордағы ең ірі инвестициялық бастама. Қомақты үлесін шетелдік тікелей инвестициялар құрайды. Оқиғаның маңыздылығын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың телебайланыс арқылы ашылу рәсіміне қатысуы да айқындайды.
Экономист-сарапшы Ануар Нұртазиннің айтуынша, бұл жоба Қазақстанның өнеркәсіптік дамуында жаңа кезең ашады.
Негізгі көрсеткіштер: зауыттың өндірістік қуаты – жылына 70 мың автомобиль. Мұнда 1 500 білікті маман тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл өңір үшін айтарлықтай әлеуметтік мультипликативті әсер береді, себебі бір негізгі жұмыс орнына қосымша 5–7 жанама жұмыс орны (логистика, сервистік қызмет, қосалқы бөлшектер өндірісі, жабдықтау және т.б.) ашылады. Демек, жалпы 7 мыңға жуық қосымша жұмыс орны осы зауыттың айналасында қалыптасады.
Сарапшының пікірінше, бұл өңірдің бизнес-климатына оң ықпал етіп, шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді.
«Бұл – Жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы жақсы серпіліс. Мұндай жобалар білім беру бағдарламалары мен тәсілдерін жаңартуды қажет етеді. Сонымен қатар, бұл өндірістік кластердің нығаюына, әсіресе Қостанай облысында материалдық-техникалық және инженерлік базаның кеңеюіне ықпал етеді», – деді Ануар Нұртазин.
Зауыт іске қосылуымен қазақстандық мамандарға озық технологиялар әлеміне жол ашылады. Мұнда 68 өнеркәсіптік робот дәнекерлеу, бояу және құрастыру сияқты негізгі өндірістік операцияларды атқарады.
«Әлемдік стандарттар тұрғысынан алғанда, Қостанайдағы жаңа зауыт қазіргі заманғы индустриялық хаб деңгейіне сай келеді: жоғары автоматтандыру, роботтандырылған желілер және Kia-ның Корея мен Еуропадағы кәсіпорындарында қолданылатын стандарттар енгізілген. Бұл жай ғана құрастыру алаңы емес, бұл — инженерлік құзыреттер мектебі, мұнда қазақстандық мамандар әлемдік деңгейдегі технологияларды игереді», – деді сарапшы.
Сонымен қатар, зауыт жанында Локализация орталығы салынып жатыр. Бұл жобаға 27 миллион доллар көлемінде жеке инвестиция құйылған. Мұнда қосымша 800 жұмыс орны ашылып, жыл сайын 60 мың автокомпонент шығарылмақ.
«Kia сияқты технологиялық тәжірибесі мол шетелдік брендпен серіктестік — Қазақстан үшін өнеркәсіптік трансформация мен экономикалық өсудің стратегиялық факторы бола алады», – деп атап өтті Ануар Нұртазин.
Зауыт өнімдері тек ішкі нарыққа ғана емес, Орталық Азия мен ЕАЭО елдеріне де бағытталған. Бұл өз кезегінде Қазақстанның экспорттық әлеуетін күшейтіп, өңірде қуатты автомобильдік кластердің қалыптасуына негіз қалайды.