Ата-анасы баланың өліміне немқұрайлы қараған медицина қызметкерлерін кінәлайды.
Арыстағы ауруханада төрт жастағы Алирахман Сейітхан есімді бала көз жұмды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ол екі апта бойы комада болған. Туыстарының айтуынша, баланы аман алып қалуға мүмкіндік болған, алайда дәрігерлер дер кезінде көмек көрсетпеген.
Бала Арыстың орталық ауруханасына 10 қазан күні түнгі уақытта жеткізілген. Анасы Ұлжалғас Жүзейдің сөзінше, олар ауруханаға түнгі сағат үш жарым шамасында келген, бірақ таңғы тоғызға дейін ешбір медицина қызметкері жандарынан табылмаған.
«Балам сөйлеп тұрды, су сұрады, дәретханаға барғысы келді. Барлығын орындадым. Бірақ ешкім көмектеспеді. Таң атқан кезде ғана есінен танып қалды, сол сәтте ғана дәрігер келді», — дейді анасы көз жасын тыя алмай.
Ауруханада қажетті медициналық құрал-жабдықтар болмаған — не МРТ, не КТ аппараты жоқ. Сол себепті дәрігерлер нақты диагноз қоя алмаған. Отбасы бірнеше рет шағымданғаннан кейін ғана Астанадан реаниматолог дәрігер ұшып келген. Ол «вирустық энцефалит» деген алдын ала қойылған диагнозды жоққа шығарып, жаңа ем тағайындаған. Алайда емдеу курсын бастауға үлгермеді — бала сол уақытқа дейін көз жұмған.
Алирахман 23 қазанда қайтыс болды. Оның денесін моргқа дәрігерлер өздері жеткізген.
Ата-анасы баланың өліміне немқұрайлы қараған медицина қызметкерлерін кінәлайды.