26.10.2025, 23:10

«Көше сыпырсам да, елге пайдам тисін дедім»: Қытайдан келген азамат 20 жыл еңбегінен кейін марапатталды (ВИДЕО)

Фото: видеодан скриншот

Президент жарлығымен "Ерең еңбегі үшін" медальі табысталды.

Республика күніне орай "Ерең еңбегі үшін" медальімен марапатталған қарапайым көше тазалаушы жұртты тәнті етті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Базарбай Әбілқазы есімді азамат Қытайдан көшіп келіп, 20 жылдан астам уақыт "Алматы Тазалық" мекемесінде қызмет еткен. Республика күніне орай Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Президент жарлығымен "Ерең еңбегі үшін" медальін табыстады. 

"Республика күнімен баршаңызды құттықтаймын! Қытай Республикасында туып өсіп, Қазақстан ел болып қалыптасқанда жүрегімнің түспікірінде Қазақстанға барсам, ең болмағанда бір көшесін болып сыпырсам, еңбегім сіңсе деген үмітпен келгенмін. Сол үмітіммен "Алматы Тазалыққа" жұмысқа орналастым. Сол еңбегімді бағалаған Президентімізге алғыс айтамын", - деді ол толқып. 

Базарбай Әбілқазының нағыз адалдығы мен еңбегіне тәнті болған желі қолданушылары ізгі тілектерін арнады. 

"Таза елім, жерім деген адам екен", "Жүрегі таза азамат екен", "Көзіме жас келді, нағыз марапат иесі", "Ниет деген осы, Аман болыңыз", "Қандай ақ ниетті кісі", - деп жазды олар.