Сарапшылардың ортақ пікірі – үкіметтің қазіргі шешімі уақытша шара ғана.
Салық кодексін кейінге шегеру – биліктің мәжбүрлі қадамы дейді Қазақстан үкіметі кеңінен сынға ұшыраған экономикалық реформаны, соның ішінде жаңа Салық кодексінің нормаларын кейінге шегерді. Сарапшылар бұл шешімді “мәжбүрлі қадам” деп бағалап, реформаларды дағдарыс жағдайында емес, экономикалық тұрақтылық кезеңінде жүргізу қажеттігін айтады.
Халықтың наразылығы билікті шегінуге мәжбүр етті
Саясаттанушы Замир Қаражановтың айтуынша, үкіметтің шегінісі — қоғамның қатты реакциясының нәтижесі.
“Біз әлеуметтік желілерден халықтың мұндай шараларға өте ауыр реакция білдіргенін байқадық. Бұл наразылық билікті осындай қадамға баруға итермеледі. Адамдар экономикалық қысымның кезекті толқынын көтере алмай отыр”, – дейді ол.
Қаражановтың пікірінше, салықтық өзгерістерге қатысты бастамалар халықтың төзім шегіне жеткенін көрсетті.
“Қазір халықтың табысының 50 пайыздан астамы тұтынуға жұмсалады. Бұл қалыпты жағдай емес. Осындай әлеуметтік әлсіздік жағдайында реформа жүргізу – қауіпті”, – деп нақтылады сарапшы.
Ал саясаттанушы Данияр Әшімбаев жағдайды “жүйесіз экономикалық саясаттың салдары” деп санайды. Оның айтуынша, үкіметтің қазіргі бағыты нақты стратегияға емес, қысқа мерзімді шешімдерге сүйеніп отыр.
“Жағдайдың әлеуметтік-экономикалық тұрғыда теріс әсері анық болғандықтан, президент үкіметтен кейбір жеңілдіктер жасауды талап еткен сияқты. Бірақ бұл тек уақытша жеңілдік, мәселенің түбін шешпейді”, – дейді ол. Сарапшы Салық кодексін әкімшілендіру бойынша берілген жеңілдіктер экономикалық қысымды азайтпайтынын ескертті. “Басты мәселе – 2026 жылдан бастап фискалдық қысымның күшеюі. Бұл экономикаға жаңа соққы болуы мүмкін”, – деп түсіндірді Әшімбаев.
Оның айтуынша, экономикалық саясат қазір “мағынасыз шаралар жиынтығына” айналған.
“Билік әлеуметтік міндеттемелерді шамадан тыс арттырды, енді соның салдарынан бюджет шығынын қысқартып, бәрін үнемдеуге тырысып отыр. Бірақ бұл – тиімділік емес, керісінше, басқару дағдарысы”, – деді саясаттанушы.
Замир Қаражанов қазіргі экономикалық жағдайда салықты өсіру емес, бизнесті ынталандыру бағытына көшу қажет екенін атап өтті.
“Бюджетті толтырудың жеңіл жолдарын, мысалы, ҚҚС мөлшерін арттыру сияқты контрөнімді тәсілдерді іздеудің орнына, экономикалық философияны түбегейлі өзгерту қажет”, – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, билік шағын және орта бизнестің дамуына нақты жағдай жасауы тиіс. Ол үшін: жеңілдетілген несиелер беру; коммерциялық нысандар мен инфрақұрылымға қолжетімділікті арттыру; салық саясатын саралау қажет.
“Салық кодексі өндіріс пен инновациямен айналысатындарға жол ашуы керек. Ал керісінше, қоғамға зиянды салаларға, мысалы, алкоголь саудасына салықты арттыру қажет”, – деді Қаражанов.
Данияр Әшімбаев үкіметтің соңғы шешімдерін “популистік сипаттағы қадамдар” деп атады. Оның айтуынша, ипотекалық бағдарламаларды кеңейту сияқты бастамалар халыққа қысқа мерзімді жеңілдік берсе де, жүйелі мәселелерді шешпейді.
“Мұндай шаралар инфляциялық қысымды одан әрі арттырады. Экономиканы сапалы өсімге жеткізу үшін мемлекет шығыстарының тиімділігін арттыру және нақты секторды ынталандыру қажет”, – деді сарапшы.
Сарапшылардың ортақ пікірі – үкіметтің қазіргі шешімі уақытша шара ғана. Дағдарыстық ахуал мен әлеуметтік қысым билікті шегінуге мәжбүр етті, алайда бұл мәселенің түпкі себептерін жоя алмайды. Реформалар шын мәнінде халықтың табысына, бизнес ахуалына және әлеуметтік теңдікке бағытталғанда ғана нәтижелі болады. Әйтпесе, салық қысымын күшейту ел экономикасын емес, қоғамдағы наразылықты ғана арттырады.