$ 530.47  613.75  6.56

«Самұрық-Қазына» қорындағы жасанды интеллект басқарушыны алмастыра ма?

Жобаны іске асыру барысы және техникалық жетілдірілуі. SKAI нейрожелісі қазақстандық Alem LLM тілдік моделінің негізінде әзірленіп, «Қазақтелеком» компаниясының Al-Farabium суперкомпьютерінде жұмыс істейді.

Фото: Милош Муратовский/ kz.kursiv.media
Фото: Милош Муратовский/ kz.kursiv.media

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басқармасына 2025 жылғы 2 қазанда алғаш рет цифрлық директор – SKAI (Samruk-Kazyna Artificial Intelligence) тағайындалды. Бұл нейрожелі Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінде Директорлар кеңесінің дауыс құқығына ие алғашқы цифрлық мүшесі деп таныстырылды. SKAI жүйесі қордың 2008 жылдан бергі барлық шешімдері мен ішкі және сыртқы нормативтік құжаттарын талдап, басқарушыларға негізделген ұсынымдар береді деп жарияланған, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Алайда мұндай «цифрлық мүшенің» заңдық мәртебесі түсініксіз болды. Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева жаңа тағайындауды «метафора» деп атап, Қазақстанның қолданыстағы заңнамасы бойынша жасанды интеллект құқық субъектісі емес екенін ескертті. Заңға сәйкес, директорлар кеңесінің мүшесі тек адам ғана бола алады, ал ЖИ шешім қабылдап, құжатқа қол қоятын заңды тұлға санала алмайды. Депутаттың айтуынша, SKAI – дауыс бермейтін, тек кеңесші‑талдау функциясын атқаратын құрал. Соңғы сөз әрқашан адамдарда, ал цифрлық агент ұсыныстар мен талдаулар ұсынады. Яғни, заң жүзінде SKAI толыққанды директор емес, кеңесші рөлінде. 2023 жылы Парламент қабылдаған «Жасанды интеллект туралы» заңда да ЖИ-ді құқық субъектісі ретінде тану көзделмеген. Сондықтан SKAI-дың директорлар кеңесіне қосылуы – құқықтық эксперимент қана. Қор өкілдері SKAI-ды тәуелсіз мүшесі ретінде таныстырғанымен, ресми хабарламаларда оның нақты өкілеттілігі анық жазылмаған.

Жобаны іске асыру барысы және техникалық жетілдірілуі. SKAI нейрожелісі қазақстандық Alem LLM тілдік моделінің негізінде әзірленіп, «Қазақтелеком» компаниясының Al-Farabium суперкомпьютерінде жұмыс істейді. Жүйе сыртқы байланыссыз, жабық контурда әрекет етеді, яғни деректер ел аумағынан сыртқа шықпайды. Мұның өзі ақпараттық қауіпсіздік үшін маңызды қадам деп көрсетілді. Дегенмен алғашқы сынақтар SKAI-дың техникалық кемшіліктерін де көрсетті. Мәселен, 17 қазанда Үкімет отырысында SKAI қазақ тіліндегі «теңге» сөзін дұрыс айта алмай, тосылып қалды. Интернет қолданушылары оның роботтандырылған дауысын телефон арқылы алаяқтық қоңырау шалатын адамдардың акцентіне ұқсатты. Бұл кемшілік бойынша Цифрлық даму және жасанды интеллект вице-министрі Дмитрий Мун түсініктеме беріп, SKAI дыбысталуын жетілдіру жұмыстары басталғанын айтты. «Не говори так!» деп қалжыңға айналған оқиғадан кейін, министрлік мамандары қазақ тілінің барлық диалектілерін қамтитын сапалы дауыс көмекшісін жасауға кіріскен. 500-ден астам адам әртүрлі акцентте 100 сағаттан аса мәтін оқып, нейрожеліге мәлімет жинақтауда екен. Д.Мун мырзаның айтуынша, SKAI – алғашқы қадам ғана, жүйе уақыт өте үздіксіз жақсарады. Вице-министр сонымен бірге SKAI жобасының құны жайлы сұраққа нақты жауап бермей, бұл мәселемен «Самұрық-Қазына» өзі айналысатынын меңзеді. Ашық дереккөздерде жобаның толық бюджеттік сметасы жарияланбаған. Сарапшылардың болжамы бойынша осындай нейрожелі құны жүз мыңдаған АҚШ долларынан ондаған миллионға дейін жетуі мүмкін – бұл шамамен бірнеше жүз миллионнан миллиардтаған теңгеге дейінгі қаржы. Қордың ресми сайтында SKAI-ға салынған инвестиция ұзақ мерзімді цифрландыру және трансформация стратегиясының бір бөлігі екені жазылған.

Президент Қ.Тоқаев 2023 жылғы Жолдауында экономиканы модернизациялау үшін цифрландыру мен жасанды интеллектті жан-жақты енгізу керектігін, Қазақстан дамуының стратегиялық компонентіне айналуы тиіс екенін айтқан еді. SKAI-дың таныстырылымы дәл осы Digital Bridge форумында мемлекет басшысының қатысуымен өтуі – биліктің бастамаға қолдауын көрсетті. Арнайы құрылған Цифрлық даму және жасанды интеллект министрлігі бұл қадамды құптап, Samruk-Kazyna тарапынан жасалған пилоттық жоба екенін атап өтті. Вице-министр Дмитрий Мунның сөзінше, Қазақстан әлемде бірінші болып тұрған жоқ, бірнеше елде ЖИ-ді басқару ісіне тестілеу жүріп жатыр. Үкімет бұл процестен шет қалмай, «қай салаларда ЖИ тиімді бола алады, соны мұқият сынап жатырмыз» деп түсіндірді. Яғни, әзірге шешімдерді бәрібір адамдар алқалап қабылдайды, ал SKAI тек кеңесші рөлінде қала бермек. Алайда қоғам тарапынан сын-пікір де аз болмады. Саясаттанушы Данияр Әшімбаев ЖИ-ді директорлар кеңесіне қосу әрекетін ашық сынға алып, бұл шешімнің заңдылығы мен этикасы күмәнді екенін айтты. Сарапшы «модаға айналған тотальды ЖИ-изация заң мен тәртіп қағидаларына қайшы келмеуі керек» деп, үкіметтің құпия қаулымен заңды белден басуы мүмкін екенін ескертті. Д.Әшімбаев және бірқатар заңгерлердің уәжі – Акционерлік қоғамдар туралы заңда директорлар кеңесі мүшесі тек жеке тұлға болуы тиіс делінген, сондықтан бағдарламалық ЖИ-ға мұндай құқық беру заңсыз. Бұған қоса, «цифрлық агенттің шешіміне жауапкершілікті кім арқалайды?» деген сауал қоғамды толғандырды. Заңгер Кристина Гринбергтің айтуынша, ЖИ – азамат та, ұйым да емес, сондықтан жауапкершілік пен міндет жүктеу мүмкін емес. Егер SKAI дауыс беріп, шешім қабылдауға қатысса, онда мұндай шешімдерді сотта жоққа шығару оп-оңай. Қоғам белсенділері арасында SKAI-ды «қара пиар мен көзбояушылық» деп сынағандар да бар. Әлеуметтік желіде нейрожелінің «тенге» сөзін айта алмағаны түрлі әзілге айналды, бұл оқиға цифрлық жобаның шикілігін көпшілікке аңғартты. Дегенмен қолдаушылар да жоқ емес, олар қор басқармасындағы адам санын қысқартып, жалақы мен бонустарға үнем болатынын, ЖИ жүйесі жемқорлық тәуекелдерін азайтуға ықпал ететінін алға тартады.

SKAI жобасы жасанды интеллекттің басқару саласына енуінің жарқын мысалына айналды. Бір жағынан, корпоративтік шешім қабылдауда үлкен деректерді тез өңдеп, объективті ұсыныс беретін ЖИ құралы пайдалы болуы мүмкін. Нейрожелі эмоцияға берілмейді, мүдде қайшылығына түспейді, демек, ұсыныстары «бейтарап» болады деген үміт бар. Бірақ сарапшылар ЖИ ешқашан адамдық түйсікті, тәжірибе мен ар-ұжданды толық алмастыра алмайтынын ескертеді. Басқару ісінде логикамен қатар моральдық жауапкершілік, алғырлық пен алдын болжау қабілеті қажет – бұлар әзірге тек адамға тән қасиеттер. Сондықтан ЖИ-ді дәл қазір шешім шығарушы деңгейіне көтеру – құқықтық жүйе үшін де, этика тұрғысынан да ерте қадам. Бүгінде SKAI эксперименті көрсеткендей, ИИ тек көмекші аналитикалық құрал ретінде тиімді: ол үлкен көлемді мәліметті сараптайды, бірақ соңғы жауапкершілік адамда қалуы тиіс. Әлемдегі ұқсас жағдайлар да бұған дәлел. Мысалы, Албания үкіметі алғаш рет министр қызметіне ИИ-ді (Диэлла атты виртуал министрді) қоймақ болғанда, Парламент оппозициясы мұны қабылдамай, отырысты тоқтатып тастағаны белгілі. Яғни, қоғамда ЖИ шешімдерін қабылдауға легитимділік беру әзірге қиын. Қазақстан жағдайында да SKAI жобасы – болашаққа жасалған қызықты қадам, бірақ құқықтық база түзілмейінше және қоғамның сенімі қалыптаспайынша, ЖИ адамды толық алмастырмайды деп қорытынды жасауға болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары