13.11.2025, 15:50

«Әкімдік неге көз жұмып отыр?»: Семейдегі мәдениет үйі қоқыс қоймасын еске салады

Фото: видео скриншот

Семейде қала әкімдігінің немқұрайлығынан балалар халықаралық деңгейдегі конкурстарға лайықсыз жағдайда дайындалуға мәжбүр. Әлеуметтік желілерде тараған видеода жергілікті тұрғындар қалалық мәдениет үйінің ішкі жағдайын ашық көрсетіп, «лас, кір, кіруге қорқамыз» деп дабыл қақты. Айтуларынша, ғимаратқа жылдар бойы жөндеу жасалмаған, қабырғалар тозған, едендер қараусыз, ал жарықтандыру мен санитарлық талаптар сын көтермейді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Баламның костюмі былғанып қалмасын деп көтеріп жүрмін. Халықаралық конкурсқа келгендер осыны көрсе, намысқа тимей ме?» — дейді ата-аналардың бірі.

Тұрғындар әкімдікке бірнеше рет шағымданғанын, бірақ жауап болмағанын айтады. «Қалалық мәдениет үйінің әкімшілігіне бәрібір ме? Ұқпадым», — дейді бейнежазба авторы.

Ата-аналар өңір басшылығынан жағдайды дереу қолға алуды талап етеді. «Мәдениет балалардан басталады. Бибігүл апамыздың атына лайық ғимарат болуы керек», — деп жазды тағы бір тұрғын.

Қала тұрғындарының ашуын келтірген сұрақ — қаражат қайда кетіп жатыр? Қоғам өкілдері ұзақ жылдар бойы жөнделмей келе жатқан мәдениет үйінің қазіргі жағдайын «әкімдіктің жауапсыздығының айқын көрінісі» деп бағалап отыр.

Семейліктер әкімдікті нақты әрекетке шақырып, мәдениет үйін тез арада жөндеуді талап етеді: «Былтырдан бері шыдап келдік. Енді шыдауға мүлде шаршадық».