20.11.2025, 15:20

«Қазір қатын құтырған заман болды»: Ақын Бақыт Беделханның әйелдер туралы пікірі қызу талқыға түсті

Фото: видео скриншот

90 жылдардан кейін дін тарам-тарам болды.

Ақын Бақыт Беделхан журналист Қанат Тілеуханға берген сұхбатында қазіргі қоғамдағы әйел бейнесі туралы сөз қозғады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ақын алдымен психологтар туралы сөз қозғап, олардың отбасыларды ойрандап жатқанын алға тартты.

“Мен ойламаймын, жынданамын. Әрнәрсе өз орнында болуы керек. 90 жылдардан кейін дін тарам-тарам болды. Кейінгі 5 жылдықта психологтар пайда болды. Психологтардың кесірінен кеше ғана үйленген жастар қырылып, ажырасып кетіп жатыр. Қызығы, ол психологтар еркектерге айтпайды, әйелдерге айтады. Отан отбасыдан басталады, ал әйел отбасының ұйытқысы. Әйелдің миын айналдырады, сөйтіп отбасы талқан болады. Ал отбасы талқан болған еркекке отан керек пе?” – деді ол.

Ол психологтар әйелдерге “мен” деген эгоны екті деп есептейді

“Эфирде, желіде, тиктокта қатын құтырған заман болып тұр ғой. Оларды кім құтыртты? Психологтар! Олар “еркектің күңі емессің, ата-енең саған ешкім емес, олар сенің отбасыңа араласпасын, сен өмірге бір-ақ рет келесің, ойың мен жаның қалай қалайды? Солай өмір сүр” деп айтады. Ал қазақтың дәстүрлі, бұрыннан келе жатқан қасиетті қара шаңырағын ұстап тұрған әйелдер өздері мына заманда әрең жүргенде “шынжырынан босаған ит сияқты” гу ете қалады. Соның кесір-кесапаты тиіп жатыр”, – дейді ол.

Бақыт Беделхан отбасылық заң шығарып, әйелдердің құқығын қорғау отырған билікті де сынады.

“Оның үстіне біздің билік отбасылық заң шығарып, соған жағдай жасап берді. Әйелге ұрысқан, ұрған адам жауапқа тартылады. Оларды одан сайын құтыртты. Бұл – қазақ отбасын саналы түрде қолдан ойрандау. Бұл отансүйгіштіктен айыру, бірліктің тамырына балта шабу", – дейді ақын.

Ақынның әйел проблемасы, отбасы құндылығы тақырыбына "жыны" келетінін жасырмады.

"Желіні қарап отырып, "Мөлдір шығып қалмаса екен", "Бадықова шығып қалмаса екен" деп отырамын. Ал ол қарапайым халық үшін анау шайтан қоздыратын әңгімеге дәнек, жем", – дейді Бақыт Беделхан.