43 жастағы Головкин әзірге мансабын аяқтайтынын ресми жариялауға асықпай отыр.
Геннадий Головкин World Boxing президенті сайлауында жеңіске жеткеннен кейін мансабын аяқтау, қоштасу жекпе-жегі және ҰОК-тегі болашағына қатысты ең өзекті сұрақтарға өзі нүкте қойды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы 1bol.kz-ке сілтеп.
Геннадий Головкин World Boxing президенті сайлауында қолдау білдірген барша қазақстандыққа алғыс айтты.
«Боксты жақсы көретін жанкүйерлерге, жерлестеріме, бүкіл Қазақстанға алғыс айтамын. Алда қай жерде тұрғанымызды анықтап, дамудың жаңа бағытын белгілейміз», – деді ол.
43 жастағы Головкин әзірге мансабын аяқтайтынын ресми жариялауға асықпай отыр. Қазақстанда қоштасу жекпе-жегін өткізу туралы сұраққа да нақты жауап бермеді.
«Алдымен World Boxing ұйымының нақты позициясын түсінуіміз керек. Барлық құжатпен танысып, жалпы жағдайды толық көрген соң ғана шешім қабылдаймыз. Қазір: “Аяқтаймын” немесе “жалғастырамын” деп кесіп айта алмаймын. Уақыт көрсетеді», – деді ол.
Қоштасу жекпе-жегі туралы:
«Бұл тақырып әрдайым күн тәртібінде. Сондықтан, жігіттер, үміт үзбеңдер», – деді ол.
Ресейлік Умар Кремлев басқаратын, ХОК мүшелігінен айырылған IBA турнирлеріне қатысу мәселесін де түсіндірді.
«Алдымен құқықтық жағдаятты түсінуіміз қажет. World Boxing қай деңгейде тұр, қандай кезеңде — соның бәрін нақтылау керек. Мен спортшы ретінде айтарым: мен әрқашан спортшылар жағында боламын. Оларға жақсы болатындай барлық жағдайды жасауға тырысамын», – деді GGG.
Головкин Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті президенті қызметін әзірге тоқтатпайды.
«Мен мұнда тек жігер беру үшін келмеймін. Спортшылардың жанында болу — мәртебе. Мен бірінші кезекте ҰОК-ті таныстырамын. Спортшыларға: “Барлығы мүмкін, өздеріңе сеніңдер” дегенді жеткізгім келеді. ҰОК-та қалуға бар күшімді саламын. Мақсат бар, тәжірибе бар. ХОК-пен бірлесіп, ҰОК-ті жаңа деңгейге шығардық. Позициямызды жоғалтпаймыз деп сенемін. Елдің де, жанкүйердің де қолдауы бар — алға қарай жүре береміз. Жоспарларымыз үлкен», – деп қорытындылады ол.