$ 518.4  598.13  6.55

«Күніне жүзге жуығын ұстаймын»: Атырау облысында тышқан қаптады

Тұрғындар бір тәуліктің ішінде жүзге жуық тышқан ұстайтынын айтады.

Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Атырау облысында тышқан қаптап, Алмалы ауылында мектеп қашықтан оқыту форматына ауыстырылып, балабақша уақытша жабылды. Елдімекенде зиянкестерге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүріп жатыр. Алайда тұрғындар олардың саны күнсанап көбейіп жатқанын айтады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы КТК арнасына сілтеме жасап. 

Алмалы тұрғыны Малика Дабылованың айтуынша, тышқандар үйдің барлық тесігінен шығып, тосыннан пайда болады. Бір тәуліктің ішінде жүзге жуық тышқан ұстайтынын айтады.

“Міне, үйден шығарып жатқанымыз осы. Кейбірі әлі тірі. Күніне он шақты қақпан ауыстырамыз. Біреуі жемге келеді, артынан іле-шала тағысы түседі. Мына қақпандардың ішін қараңыз. Соңғы үш күнде одан да көбейіп кетті. Бір қақпанға 10-12 тышқанға дейін түседі”, –дейді тұрғын. 

Тышқандар әр жерде қаптап жүр. Асүйде жүгіріп, төсектерге секіреді екен. Мұндай жағдайды жергілікті тұрғындар бұрын-соңды көрмегенін айтып, қорқып отыр. Бұдан әрі не боларын болжай алмаймыз дейді. 

“Бұл – сұмдық. Бұдан кейін не болады? Ауру пайда бола ма? Тышқандар тамақтың үстімен жүреді. Сол себепті адамдар да түрлі дертке шалдығуы мүмкін”, – дейді тұрғын Батиха Мұханова. 

Жағдай ушыққан соң ауылда мектеп пен балабақшаны уақытша жабу туралы шешім қабылданыпты. Ауыл әкімі эпидемиологиялық қызмет мамандарын шақырғанын айтты.

“Басталғанына бес күн болды. Неге бұлай екенін өздеріңіз білесіздер. Махамбет, Сарайшық, Чкалов, Бейбарыс жақтан келіп жатыр. Екіншіден, былтыр үлкен су тасқыны болып, су көп келді. Соның салдарынан ауыл сыртында шөп қалың өсіп, тышқандар көбейіп кетті. Енді олардың барлығы ауылға кіріп жатыр”, – дейді Алмалы ауылдық округінің әкімі Гүлшат Аухадиева. 

Бұған дейін мұндай жағдай Махамбет ауылдық округінде де тіркелген еді. Онда да екі мектеп пен екі балабақша жабылды. Қазір барлық жерде тышқандарға қарсы жаппай тексеріс жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс қала маңындағы Алмалыда да басталды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары