01.12.2025, 18:10

Кәсіпкерлер арбитраждан шаршады: төрешілердің туыстық және таныстық байланысы бизнеске қауіп төндіріп тұр

Фото: Видеодан алынған кадр

Динара Джемекешеваның айтуынша, Алматыда орын алған жағдай арбитраждың тәуелсіздігіне сенім қалдырмай отыр.

Қазақстанда арбитраждық соттарда әділдік сақтала ма? Бұл сұрақ соңғы уақытта кәсіпкерлер арасында жиі айтыла бастады. Онлайн өткен жиында заңгерлер мен бизнес өкілдері арбитраждағы жасырын мәселелерді ашық көтерді. Олардың сөзінше, кейбір арбитраждар тәуелсіздік талаптарын бұзып, бір тараптың сөзін сөйлеп отыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. Жиынға үш спикер қатысты: – Динара Джемекешева, «BBB Almaty» компаниясының құқықтық мәселелер жөніндегі директоры, – Жанна Хамзина, Қазақстандағы тәжірибелі заңгер әрі Бірінші экономикалық арбитраж сотының төрайымы, – Райхан Имамбаева, «Harvest Agro Holding» ЖШС заңгері және швейцариялық «Harvest Group S.A.» компаниясының өкілі. «Он минутта келісім-шартты бұзып берді»: Алматыдағы даудың дауы Динара Джемекешеваның айтуынша, Алматыда орын алған жағдай арбитраждың тәуелсіздігіне сенім қалдырмай отыр. Оның компаниясы әлемнің бірнеше елінде жұмыс істейтін «Bla Bla Bar» жобасының ғимаратын жалға алып келген. БАӘ, Ресей, Өзбекстан – барлық жерде келісім-шарттар дұрыс орындалып келген. Тек өз қаласы Алматыда күтпеген проблема пайда болды: ғимарат иесі – «Үстел теннисі академиясы» ЖШС келісім-шартта көрсетілмеген жалдау ақысын үш еседен артық көтеруді талап етті. Кәсіпкерлер бұл талапқа келіспегенде, оларды «келісім-шартты арбитраж арқылы бұзамыз» деп қорқытқан. Ал келісім-шартта мұндай бұзу мүмкіндігі мүлде болмаған. Нәтижесінде, жалға беруші арбитражға арыз жазды. «Төрелік Әділет» деген арбитраж орталығы он минутқа жетпейтін отырыста келісім-шартты бұзу туралы шешім шығарды. Алайда ең маңыздысы – EGOV порталындағы ашық деректер. Онда көрсетілгендей, «Үстел теннисі академиясы» ЖШС директоры Ерлан Есенов пен «Арбитраж Әділет» ЖШС құрылтайшысы Сәуле Тәпетова бес бірдей ұйымның ортақ құрылтайшылары екен. Бұл екі ұйымның өзара байланысын анық көрсетеді. Яғни, арбитраж іс жүзінде кәсіпкердің емес, сол істі көтерген тараптың мүддесін қорғаған. «Кәсіпкерлерге қысым көрсету схемасы қалыптасқан» Динара Джемекешева жиында арбитражды қолдана отырып жасалатын қысым көрсету әдісін толығымен түсіндірді:  1. Келісім-шартқа міндетті түрде арбитраждық талап қосады. «Қол қоймасаң, келісім-шарт жоқ» деп мәжбүрлейді.  2. Бірнеше ай өткен соң жалдау ақысын немесе басқа талаптарды негізсіз көтереді.  3. Кәсіпкер қарсы шықса, дереу «өз адамдарымен» жұмыс істейтін арбитражға жүгінеді.  4. Тәуелсіз емес арбитраж талапкердің пайдасына біржақты шешім шығарады. Осылайша, бизнес иесі келісім-шартты бұзуға себепсіз мәжбүр болып, үлкен шығынға ұшырайды. Арбитраж беделіне көлеңке түсірген орталықтар бар Жиынға қатысқан заңгерлер Қазақстандағы арбитраж бастапқыда кәсіпкерлерді қорғау құралы болуы тиіс екенін айтты. Бірақ қазір арбитраждың беделіне көлеңке түсіріп отырған «қалталы арбитраждар» көбейіп келеді. Тіпті кейбір орталықтар заңды түрде жұмыс жасайтын сияқты көрінгенімен, іс жүзінде көлеңкелі жолмен шешім қабылдайды. Жанна Хамзина: «Арбитражға сенім жоғалса, бизнес те, инвестор да елге сенбейді» Тәжірибелі заңгер Жанна Хамзина арбитраж жүйесін қайта қарап, заңға өзгерістер енгізуді ұсынды. Оның ұсыныстары: – төрешілердің кәсіби деңгейін көтеру; – дауға қатысы бар адамдардың сол дауды қарауына қатаң тыйым салу; – арбитраж жұмысын ашық ету; – мүшелік тәуекелдерін азайту. Ол мұндай өзгерістер арбитражды шынымен тәуелсіз етеді деп сенеді. Әділ арбитраж бизнеске, инвесторларға және ел экономикасына тікелей әсер етеді. – Қазақстанда «Төрелік туралы» заң 2016 жылы қабылданған. – 2019 және 2024 жылдары арбитраж қызметінің ашықтығын күшейтетін өзгерістер енгізілді. – Арбитраж – соттың баламасы. Мұнда тараптар өздері сенетін, тәжірибелі, бейтарап төрешіні таңдайды.