02.12.2025, 19:20

Байқоңырда мектептің бас есепшісі 52 миллион теңге жымқырған

Фото:altainews.kz

Оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Қызылорда облысы, Байқоңыр қаласының прокуратурасы 2022-2024 жылдар аралығында білім беру ұйымдарында бюджет қаражатының заңдылығын талдау барысында мемлекеттік бюджеттен қаржы ұрланғанын анықтады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Қызылорда облысының прокуратурасы 2025 жылғы 2 желтоқсанда мәлімет берді:

"Орта мектептің бас есепшісі бірнеше мұғалімнің есепшоттарына жалақы ретінде шындыққа сай емес, артық сомаларды аударып отырған. Кейін аударылған артық қаражаттар мұғалімдердің жеке есепшотынан бас есепшінің жеке шотына қайта аударылған. Нәтижесінде мемлекеттік бюджетке 52 млн теңге залал келтірілді".

Осы факті бойынша Байқоңыр қаласының прокуратурасы Қазақстан Республикасы ҚК-нің 189-бабы, 4-бөлігінің 2 тармағы бойынша қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізді. Тергеп-тексеру аяқталған соң іс сотқа жолданды.

"Сот үкімімен мектептің бас есепшісі кінәлі деп танылды және 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қылмыстық кодекстің 74-бабына сәйкес, кәмелетке толмаған балаларының болуы себебінен жазаның орындалуы 5 жылға кейінге қалдырылды", – делінген Қызылорда облысы прокуратурасының хабарламасында.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 26 қарашада Қазақстанның оңтүстігінде бюджеттен 49 млн теңгені жымқыру схемасы анықталғаны хабарланған болатын.