Желі қолданушылары оның сауатты сөйлеу мәнерін, сенімділігін, табандылығын және кәсібилігін ерекше атап өтті.
Көпшілікке Шерзат Полаттың ісі бойынша танылған прокурор Дана Сәрсенбай Қазақстанның үздік мемлекеттік айыптаушысы атанды. 6 желтоқсан – Прокуратура күніне орай Бас прокурордың бұйрығымен ол “Үздік мемлекеттік айыптаушы” төсбелгісімен марапатталды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
“Бас Прокурордың бұйрығымен “Үздік мемлекеттік айыптаушы” төсбелгісімен мараптталдым. Ата-анамның маған сіңірген еңбегі ақырындап өз жемісін беріп жатыр”, - деп жазды Дана Сәрсенбай.
Талдықорған қалалық прокуратурасының аға прокуроры, Жетісу облысының өкілі Дана Сәрсенбай атышулы процесс басталғаннан кейін елге танылды. Сот залындағы оның эмоцияға толы, кесек-кесек сөздері әлеуметтік желіде кең таралып, сот отырысындағы үзінділер қызу талқыға түсті.
Желі қолданушылары оның сауатты сөйлеу мәнерін, сенімділігін, табандылығын және кәсібилігін ерекше атап өтті.
Атышулы сот отырысы кезінде айыпталушылардың адвокаттары мемлекеттік айыптаушыға қарсылық білдіріп, оны күдіктілерге қысым жасап, шамадан тыс эмоцияға бой алдыруға тырысты деп айыптады. Бірақ сот олардың өтінішін қанағаттандырмады.
Сот отырысында Дана Сәрсенбай айыпталушыларды 1,5 жылдан 23 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.
Бұл прокурордың алғашқы марапаты емес. Бұған дейін Қазақстан Конституциясы күніне орай ол Жетісу облысының прокуроры Мадияр Башшыбаевтың қолынан Құрмет грамотасын алған еді.