08.12.2025, 21:00

Тоқаев Парламент ұсынған еліміздің үш жылдық бюджеті туралы заңға қол қойды

Фото: Ақорда

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.

Мемлекет басшысы «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2026 – 2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлайды  Sn.kz ақпарат порталы.  Сондай-ақ Мемлекет басшысы «2026 – 2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Айта кетсек, 2025 жылы 20 қарашада Парламент Сенатының отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин "2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы" ҚР Заңының жобасын таныстырған болатын.

"Жергілікті бюджеттер теңгерімділігі қамтамасыз етілді. Барлық базалық шығыстар ескерілді. Даму бюджеті республикалық бюджеттің мүмкіндігін ескере отырып қалыптастырылды", деп атап өтті вице-премьер.

Жергілікті бюджет кірістері 2026 жылы 10,7 трлн теңге болады деп болжануда.