15.12.2025, 11:00

«Бар кезде қадірін білейік»: Дана Нұржігіт әйелдерге үндеу жасады

Фото: видео скриншот

Дана Нұржігіт бала күнінде ұзын, ауыр қос өрімі болғанын еске алады.

Танымал тележурналист Дана Нұржігіт әлеуметтік желіде әйел болмысы, жас, сұлулық пен өзін қабылдау туралы әсерлі ойымен бөлісті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Журналист соңғы уақытта сырт келбетіне қатысты көптеген жылы пікірлер алып жүргенін айтады. YouTube подкасттардағы пікірлер, Instagram желісіндегі хаттар — барлығы да оған қуаныш сыйлайтынын жасырмайды.

«Кімге ұнамасын? Әрине, бұл мен үшін өте жағымды. Барша оқырмандарыма алғысым шексіз», — дейді ол.

Дана Нұржігіт бала күнінде ұзын, ауыр қос өрімі болғанын еске алады. Өрімнің салмағынан басы жиі ауырып, бұл оған үлкен қиындық тудырған. Мектеп-интернатта оқыған жылдары, жоғары сыныпта қалаға шығуға рұқсат берілгенде, ол бірнеше рет өз бетімен шаштаразға барған. Алайда шеберлер ұзын шашын қиюға қимай, одан бас тартқан.

Әкесі бастапқыда қарсы болғанымен, бір күні «өзің біл» деп рұқсат береді. Сол сәт Дана үшін шешуші кезеңге айналған. Ол сыныптасы Хадишадан шашын қиып беруін өтінеді. Ылғалданған шаш бір өрімге жиналып, бір-ақ сәтте қиылады. Алайда іс сәтсіз шығып, қыздар шашты түзетеміз деп жүріп, құлақ тұсына дейін қысқартып алады. Осылайша ұзын шашпен қоштасуға тура келген.

Телевизиялық эфир үшін қысқа шаш үлгісі ыңғайлы болғанын да атап өтеді. Оның жұбайы әрі продюсері Владимир Рерих дәл осындай жинақы образды талап еткен. Бұйра шаш пен ұзын шаш оған аса ұнамағанын әзілмен еске алады журналист.

Бүгінде Дана Нұржігіт шашының әр сәтінен ләззат алып жүргенін айтады. «Жас ұлғайған сайын шаш сирейді — бұл табиғат. Бірақ бар кезде қадірін білейік», — дейді ол.

Журналист әйелдерге үндеу тастап, өзін сүюге, күтім жасауға шақырады:

«Қыздар, шашымызды аялайық, күлімдеген көзімізді, табиғи тісімізді (мен винирден бас тарттым), қалған белімізді сақтайық, кең жамбасымыздан ұялмайық. Дұрыс тамақтанып, күлімдеп, еңбек етейік».

Сондай-ақ Дана Нұржігіт жазбасында өзі ерекше жақсы көретін фильмді де атап өтті. Бұл — режиссер әрі сценарист Александр Аскольдовтың «Комиссар» кинотуындысы.

«Бұл фильм — әйел мен ананың гимні. Соғысқа қарсы қарғыс, аналардың бесік жыры мен дұғасы. Өкінішке қарай, бұл туынды ұзақ жылдар бойы сөреге жабылып, автордың тағдырына ауыр соққы болды. Міндетті түрде көріңіздер», — деп түйіндеді журналист.