Балуан қылмыстық кодекстің 380-бабының 4-бөлігі 1-тармағы, яғни билік өкіліне қатысты, екі немесе одан да көп адамға күш қолданды деп айыпталып отыр.
Павлодар қаласында еркін күрестен танымал қазақстандық балуан, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Дәулет Шабанбайға қатыс іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Спортшы Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінен құралған патрульге шабуыл жасағаны үшін тергеу изоляторына қамалды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта жарыссөз өтті. Балуан қылмыстық кодекстің 380-бабының 4-бөлігі 1-тармағы, яғни билік өкіліне қатысты, екі немесе одан да көп адамға күш қолданды деп айыпталып отыр.
“Биыл қыркүйекте Ұлттық ұланның үш әскери қызметкері кешкі сағат тоғыз шамасында дәмхана маңында Дәулет Шабанбайды тоқтатқан. Оларға “мас спортшы шу шығарып, тәртіпсіздік жасады” деген шағым түскен. Патруль қызметкерлерінің сұрақтары мен ескертуіне балағат сөздермен жауап беріп, біреуін итеріп, наряд бастығын иығынан қағып, бетінен соққан, үшіншісінің көзіне соққы тиген. Көмекке келген қосымша патрульдер ер адамды ұстап, қолына кісен таққан”, – делінген іс материалында.
Соттағы сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы 42 жастағы спортшыны орта қауіпсіздік мекемесінде төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
“Айыпталушының әрекеттері билік өкілдеріне бағытталып, олардың қызметтік міндеттерін орындауына кедергі жасады. Сонымен қатар, Шабанбай өзінің физикалық күшін асыра пайдаланды. Әлеуметтік әділдікті орнату және осындай құқық бұзушылықтардың қайта болмауы үшін, оны орта қауіпсіздік мекемесінде 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын”, — деді мемлекеттік айыптаушы.
Қорғаныс тарап бас бостандығынан айырмауды сұрады. Дәулет Шабанбайдың адвокаты халықаралық аренада Қазақстан намысын қорғаған танымал спортшы екенін, тұрақты жұмысы, отбасы бар екенін және мінездемесінің де жақсы екенін атап өтті. Адвокаттың пікірнше, қылмыстық құқық бұзушылық ауыр санатқа жатса да, ол алдын ала жоспарланбаған, ауыр зардаптарға әкелмеген және кенеттен туындаған эмоционалдық қақтығыс салдарынан болған.
Спортшы өз кінәсін толық мойындап, жарыссөзде сөз сөйлеуден бас тартты.
“Мен тек кешірім сұраймын! Жігіттер, ренжімеңдер”, — деп Дәулет Шабанбай зардап шеккендерден кешірім сұрады.
Айта кетейік, қылмыстық кодекстің 380-бабының 4-бөлігі 1-тармағымен спортшы үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге қамауға алынып немесе бас бостандығынан шектелуі мүмкін.