Қоғамның даму деңгейі зәулім ғимаратпен емес, әлсізге көрсетілген жанашырлықпен өлшенеді.
Осы қағиданы басшылыққа алған «Жаңа адамдар» қозғалысы елордадағы «Алау» мұз сарайында ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған кең ауқымды жаңа жылдық әлеуметтік акция өткізді. «Жаңа ырғақ бер – мейірімді бол» деп аталған шара «Мейірімді Қазақстан» бастамасының нақты көрінісіне айналды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұл - жай ғана мерекелік жиын емес. Мұндай бастамалар әлеуметтік саясатта ерекше маңызға ие. Себебі балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан әрбір бала қоғамның назарын, қолдауын және өзіне деген сенімді қажет етеді. Тәжірибе көрсеткендей, дәл осындай ашық әрі жылы кездесулер баланың ішкі әлеміне ұзақ уақытқа әсер етеді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құндылықтар туралы айта келе:
«Мейірім мен жанашырлық – халқымыздың болмысына тән қасиет. Бұл құндылықтарды сақтау – мемлекеттің де, қоғамның да ортақ міндеті», – деген болатын.
Аталған акция осы сөздің іс жүзіндегі дәлелі болды.
Іс-шара барысында балалар мен қозғалыс белсенділері бірге мұз айдынына шығып, ойын-сауық бағдарламаларына қатысты. Мұндай орта баланың өзін қоғамнан бөлек емес, оның бір бөлшегі ретінде сезінуіне мүмкіндік береді. Әлеуметтік жұмыста бұл - аса маңызды фактор.
Қозғалыс белсенділерінің бірі бұл бастаманың мәнін былай түсіндірді:
«Біз балаларға тек сыйлық емес, назар мен сенім сыйлағымыз келді. Олар елге керек екенін сезінуі тиіс», – деді ол.
Ал шараға қатысқан балалардың бірі:
«Бүгін бізді ойлаған адамдар көп болды. Осындай күндер жиі болса екен», – деп әсерімен бөлісті.
Тағы бір ерікті азаматтық жауапкершілік туралы ойын ашық айтты:
«Қоғамды өзгерту үшін үлкен мінбердің қажеті жоқ. Адам болып қалу жеткілікті», – деді ол.
«Жаңа адамдар» қозғалысы бір жыл ішінде ел бойынша ондаған азаматтық бастаманы жүзеге асырды. Заңсыз қоқыс орындарын жою, аяқсыз қалған құрылыстарды көтеру, балалар құқығын қорғау, зорлық-зомбылыққа төзбеу, қалалық ортаны жақсарту, экология мен цифрлық жауапкершілік бағытындағы жобалар - мұның бәрі жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Шара соңында әр балаға арнайы дайындалған сыйлықтар табысталды. Бірақ ең бастысы - баланың жүрегінде қалған жылулық. Себебі мұндай кездесулер болашақта оның қоғамға деген сенімін қалыптастырады.
«Мейірімді Қазақстан» деген ұғым дәл осындай әрекеттерден құралады. Бұл - бір күндік науқан емес. Бұл - ұрпаққа үлгі болатын азаматтық ұстаным.