«Желілердің тозуын жүйелі түрде азайтып келеміз».
22 желтоқсанда Қазақстан энергетиктері кәсіби мерекесін атап өтті. «KEGOC» АҚ үшін бұл күн – жай ғана күнтізбедегі дата емес, компания үшін соңғы жылдардағы ең қарқынды өткен жылдардың біріне айналған 2025 жылдың қорытындысын шығаратын маңызды сәт. Ұлттық энергетикалық жүйе қалай өзгеріп жатыр, желілердің тозуы неге үкім емес және цифрлық технологиялар қандай рөл атқарады – осы және өзге де сұрақтарға «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов жауап берді.
«Желінің сенімділігі тұрақты түрде жоғары деңгейде»
— Нәби Еркінұлы, KEGOC үшін 2025 жыл қандай болды? Компания жұмысының тиімділігін қандай көрсеткіштер арқылы бағалайсыздар? — 2025 жыл KEGOC үшін өнімді әрі қарқынды өтті. Біз қаржылық және өндірістік нәтижелерді, сондай-ақ корпоративтік жетістіктерді қамтитын теңгерімді көрсеткіштер жүйесін қолданамыз.
Ұлттық электр желісінің сенімділігін сипаттайтын негізгі көрсеткіш – «Желінің қолжетімділігі» соңғы үш жыл бойы тұрақты түрде жоғары деңгейде сақталып келеді. Бұл уақтылы жүргізілген жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының, жабдықтарға техникалық қызмет көрсетудің, сондай-ақ қосалқы станциялар мен электр беру желілерін жаңғырту және салу бойынша ірі инвестициялық жобалардың нәтижесі.
Сонымен қатар біз ESG қағидаттарын кезең-кезеңімен енгізіп келеміз. Нәтижесінде халықаралық агенттік беретін ESG рейтинг бойынша стратегиялық KPI 62 балға дейін өсті. Салыстыру үшін айтсақ: 2023 жылы бұл көрсеткіш 51 балл, ал 2024 жылы 55 балл болған.
Алдын ала қорытынды бойынша, компания үш реттелетін қызмет түрі бойынша жоспарлы өндірістік көрсеткіштерді орта есеппен 2,9 пайызға арттырды. Ұлттық электр желісін пайдалану қызметінің көлемі 77,8 миллиард киловатт-сағатты құрап, жоспардан 1,9 миллиард киловатт-сағатқа жоғары болды. Техникалық диспетчерлеу қызметі 116,3 миллиард киловатт-сағатқа жетіп, жоспардан 3,6 миллиардқа артты. Электр энергиясын өндіру мен тұтынуды теңгерімдеу қызметі бойынша көлем 227,7 миллиард киловатт-сағатты құрап, жоспардан 6,4 миллиард киловатт-сағатқа асып түсті.
Қызмет көлемдерінің өсуі қаржылық нәтижелерге тікелей әсер етті. Күтілетін таза пайда шамамен 67 миллиард теңгені құрайды және жоспар деңгейінде қалыптасты. Бұл компанияның қаржылық моделінің тұрақтылығын және операциялық процестердің тиімділігін көрсетеді.
«Желілердің тозуын жүйелі түрде азайтып келеміз»
— Қоғамда желілердің тозуы мен өткізу қабілетінің шектеулілігі жиі сөз болады. Бұл сын-қатерлерге қалай жауап бересіздер? — KEGOC Орталық Азиядағы ең ірі магистральдық желіні пайдаланады: 28 мың шақырым электр беру желісі мен 83 қосалқы станция бар. Соңғы жиырма жыл ішінде магистральдық желілердің тозу деңгейін 81 пайыздан 62,8 пайызға дейін төмендеттік. Қайта жаңғырту және модернизациялау жұмыстары жалғасып жатыр.
2025 жылы біз 99 миллиард теңге көлеміндегі инвестициялық бағдарламаны жүзеге асырып жатырмыз. Оның 23,1 миллиарды өндірістің ағымдағы деңгейін қолдауға бағытталған. Негізгі бағыттардың бірі – «Жетіқара», «Нұра», «Сарыөзек» және «Састөбе» қосалқы станцияларындағы автотрансформаторлардың қуатын арттыру. Жалпы қуат өсімі 860 МВА-ны құрап, өңірлердің электрмен жабдықталу сенімділігін айтарлықтай арттырды.
Алдағы бес жылда компания филиалдарының тағы 18 нысанын жаңғырту және күшейту жоспарланып отыр. Бұл қосымша 1 837 МВА қуат өсімін қамтамасыз етеді.
«Онжылдықтағы екі ірі инфрақұрылымдық жоба»
— Қазіргі таңда бүкіл энергожүйе үшін стратегиялық деп қандай жобаларды атар едіңіз? — Біз соңғы онжылдықтағы ең ірі екі инфрақұрылымдық жобаны іске асырып жатырмыз. Біріншісі – «Қазақстан ЕЭС-інің Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту», екіншісі – «Батыс Қазақстан энергожүйесін Қазақстанның Біртұтас энергожүйесімен біріктіру».
Бұл жобалар Ұлттық инфрақұрылымдық жоспарға енгізілген және Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылуда. Олар өңірлерді сенімді электр энергиясымен қамтамасыз етіп, жаңартылатын энергия көздерін одан әрі интеграциялауға жағдай жасайды.
Оңтүстік аймақты күшейту жобасы Солтүстік – Оңтүстік транзитінің өткізу қабілетін 440 мегаваттқа арттырып, өңірдің көрші елдердің энергожүйелеріне тәуелділігін азайтады. Жоба аясында 475 шақырым электр беру желісі салынып, «Шу», «Жамбыл» және «Шымкент» қосалқы станциялары жаңғыртылады. Жобаны аяқтау мерзімі – 2027 жылғы 1 шілдеге дейін.
Батыс аймақты біріктіру жобасы «Қарабатан» мен «Өлке» қосалқы станциялары арасында ұзындығы 604,3 шақырым болатын 500 киловольттық желі салуды және энергия нысандарын кеңейтуді көздейді. Жоба 2021–2027 жылдар аралығында іске асырылады.
Сонымен қатар алдағы уақытта 500 киловольттық шамамен 7 мың шақырым жаңа электр беру желісін салу жоспарланып отыр. Бұл еліміздің барлық өңірлерін жүйеқұраушы желілермен қамтуға, Қазақстанның Біртұтас энергожүйесінің сенімді конфигурациясын қалыптастыруға және негізгі энергетикалық аймақтарды тұйықтауға мүмкіндік береді.
«Дисбалансқа реакция – бір секундта»
— Қазақстан цифрландыру мен жасанды интеллектке басымдық беріп отыр. KEGOC-та бұл бағытта не жүзеге асырылды? — Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес цифрландыру тұрақты, ашық әрі технологиялық жаңа энергожүйе моделінің негізіне айналды.
KEGOC – Орталық Азиядағы жүйелік операторлар арасында жиілік пен қуатты автоматты реттеудің орталықтандырылған жүйесін енгізген жалғыз компания. Соның нәтижесінде дисбалансқа әрекет ету уақыты 30 минуттан бір секундқа дейін қысқарып, экономикалық тиімділік 16 миллиард теңгені құрады.
WACS жүйесі Солтүстік – Оңтүстік транзитінің өткізу қабілетін 200 мегаваттқа арттырды. Бұл – іс жүзінде жаңа 220 киловольттық желі салумен тең, бірақ көпмиллиардтық шығынсыз.
Сондай-ақ біз SCADA жүйесін EMS модулімен жаңғырттық. Ол диспетчерлерге арналған тренажёр, диспетчер кеңесшісі, режимдерді және технологиялық шығындарды болжау функцияларын қамтиды. Бұл шешімдер энергия өткеліне, ЖЭК интеграциясына сай келіп, елдің технологиялық қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Сатып алудың 65 пайызы – қазақстандық өнім»
— Мұндай жобалар көп көлемде жабдықты талап етеді. Отандық өнім қаншалықты пайдаланылады? — Офтейк-келісімшарттар бүгінде қазақстандық өнеркәсіпті қолдаудың тиімді құралына айналды. KEGOC бұл тетікті алғашқылардың бірі болып енгізді.
Соңғы он жылда сатып алу құрылымы айтарлықтай өзгерді. Бұрын шетелдік жеткізілімдер басым болса, бүгінде тауарлардағы қазақстандық өнімнің үлесі 65 пайызды, ал жұмыстар мен қызметтерде 90 пайызға дейін жетті.
Мысалы, 2022 жылы 7,8 миллиард теңгеге 4 офтейк-келісімшарт жасалса, 2025 жылы олардың саны 12-ге жетіп, жалпы сомасы 20,9 миллиард теңгеден асты. 20 жылға дейінгі ұзақ мерзімді келісімдер өндірушілерге сенімділік беріп, өндіріс қуатын дамытуға ынталандырады.
«Қысқа дайынбыз, тәуекелдер есептелді»
— KEGOC 2025–2026 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге қалай дайындалды? — Біз дайындық паспортын 3 қазанда-ақ алдық. Бұл қысқы жүктеменің ең жоғары кезеңінде энергожүйенің тұрақты жұмыс істеуіне қойылатын барлық талаптардың орындалғанын растайды.
577 нысанда толық жөндеу жұмыстары жүргізіліп, материалдардың, трансформатор майының және жанар-жағармайдың авариялық қорлары қалыптастырылды. Желілік бригадалар техникамен толық қамтамасыз етіліп, жедел әрекет етуге дайын.
Болжам бойынша ең жоғары жүктеме 17,6 гигаваттты құрайды, ал 1 гигаваттқа дейінгі тапшылық көрші энергожүйелерден импорт есебінен жабылады. Сонымен қатар энергия өндірушілердің жабдықтарды сапалы ұстауға қатысты қаржылық жауапкершілігі күшейтілді.
«Әлеуметтік тұрақтылық – басты басымдықтарымыздың бірі»
— KEGOC-ты әлеуметтік тұрғыдан тұрақты компания деп атайды. Бұған қалай қол жеткізіп отырсыздар? — Біз персоналды дамытуды тұрақтылықтың негізгі элементі деп санаймыз. 2025 жылы Samruk Research Service деректеріне сәйкес KEGOC-тағы әлеуметтік тұрақтылық деңгейі 88 пайызды құрады. Бұл «Самұрық-Қазына» тобы ішіндегі ең үздік көрсеткіштердің бірі.
Бұл әлеуметтік пакетті кеңейту, тәлімгерлік бағдарламалар, ішкі тренерлер институтын дамыту және мансаптық өсу жүйесінің арқасында мүмкін болды. Өндірістік персоналдың тартылу деңгейі 90 пайызға, әлеуметтік тыныштық – 97 пайызға жетті.
Біз материалдық көмек көрсетеміз, шығындарды өтейміз, тұрғын үй мәселелерін шешуде қолдау білдіреміз. Компанияда корпоративтік психолог лауазымы енгізіліп, оқыту сессиялары өткізіледі, ЖИ элементтері бар бағдарламалар енгізілуде.
Кадр даярлау – жеке бағыт. АУЭС және ҚазАТУ-мен меморандумдарға қол қойылды. Алматы энергетика және байланыс университетінде Дәукеев атындағы ұлттық диспетчерлік орталықтың SCADA және DTS жүйелері бар оқу-жаттығу кешені ашылды.
Біздің ерекше мақтанышымыз – еңбек династиялары. Бүгінде KEGOC-та кәсіби дәстүрлерді ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келе жатқан 26 отбасылық династия жұмыс істейді.
«Энергетика – ел алдындағы жауапкершілік»
— Әріптестеріңіз бен Қазақстан энергетиктеріне тілегіңіз. — Баршаңызды Энергетиктер күнімен құттықтаймын. KEGOC ұжымына кәсібилігі, ісіне адалдығы және ел энергетикасын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтамын. Баршаңызға мықты денсаулық, жаңа жетістіктер және барлық жоспарларыңыздың сәтті жүзеге асуын тілеймін.
2026 жыл Қазақстан үшін тұрақты даму, технологиялық прогресс және жаңа мүмкіндіктер жылы болсын.