24.12.2025, 19:00

Сауда министрі жаңажылдық дастарханға 120 мың теңге жұмсайтынын айтты

Фото: inbusiness.kz

"Мен Сауда министрі ретінде базарға жиі барып саудаласамын".

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Жаңа жылдық дастарханның басты тағамы оның отбасында асылған ет екенін айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Оның айтуынша, мерекелік кешкі асқа жұмсалатын шығын шамамен 100-120 мың теңгені құрайды. 

"Басты тағам  асылған ет болады. Ақшаны әйелім жұмсайды. Әрдайым сауданың шегі болады. Мен Сауда министрі ретінде базарға жиі барып саудаласамын. Бұл қалыпты жағдай", - деді Шаққалиев Мәжіліс кулуарында.

Журналистер министрден сатушылар оған жеңілдік жасай ма деп сұрады.

"Әрине. Аздап жеңілдіктер бар, азы 5 мың теңгеден, көп болса 10 мың теңгеден жеңілдік жасайды. Барлығы тауар сапасына байланысты, таңдаулысы қымбатырақ болады. Бірақ тұрақты клиент ретінде жеңілдік жасайды, кей жерде есептелген соманы дөңгелектеп, азайтып береді", - деді ол.

Министрдің айтуынша, ведомство есептеуі бойынша қазақстандықтардың Жаңа жылдық дастарханға жұмсайтын орташа шығыны 73 мың теңге шамасында. Алайда Шаққалиевтің отбасында шығын жоғары болмақ.

"Біздің отбасымыз үлкен, сондықтан шығын да көбірек болады деп ойлаймын. Шамамен 100-120 мың теңге. Осы бюджетке сүйенеміз", – деп түйіндеді Сауда министрі.