Алайда олардың ресми мәлімдемесінде кешірім сұрау сөзі болмаған.
Шымбұлақтағы мейрамхана қызметкері тіл төңірегіндегі дауынан кейін қызметінен босатылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оқиға Gusto мейрамханасында орын алған. Әкімші қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартып, келушіге дөрекі сөйлегені үшін сынға ұшырады. Әлеуметтік желі қолданушысының айтуынша, ол қазақша қызмет көрсете алатын даяшы бар-жоғын сұрағанда, әкімші бұған міндетті емес екенін айтып, жағымсыз жауап қайтарған.
Келушімен тіл табысудың орнына әкімші жанжалды күшейтіп, тіпті оны мекемеден шығарып жіберуге тырысқан. Салдарынан полиция шақырылып, жағдай бірнеше сағатқа созылыпты. Туристік аймақта болғандықтан, бұл оқиға көпшіліктің наразылығын тудырып, әлеуметтік желілерде бойкот жариялауға шақырулар көбейді. Көптеген қазақстандықтар мұны мемлекеттік тілге құрметсіздік деп бағалап, қызметкерді жұмыстан шығаруды талап етті.
Gusto мейрамханасы бұған дейін мәлімдеме жасап, Қазақстан заңдары мен мемлекеттік тілге құрметпен қарайтындарын және қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қызмет көрсететіндерін айтқан. Сонымен қатар оқиғаға қатысты ішкі тексеріс жүргізілетіні хабарланған.
“Әлеуметтік желілерде тараған бейнематериал қосымша қарауды қажет етеді. Қазір тексеріс жүріп жатыр, нәтижесіне сай қажетті шара қолданылады”, – делінген мейрамхана хабарламасында.
Кейінірек мейрамхана жанжалға себеп болған қызметкердің жұмыстан босатылғанын жариялады. Алайда олардың ресми мәлімдемесінде кешірім сұрау сөзі болмаған.