Бұған дейін Дуров өзінің барлық балалары, оның ішінде донорлық шәуеті арқылы дүниеге келгендері де, мұрагерлікке бірдей құқыққа ие болатынын айтқан еді.
Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров өзінен бала туғысы келетін әйелдерге экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКО) рәсімінің ақысын төлеуге уәде берді. Бұл туралы Sn.kz ақпарат порталы The Wall Street Journal-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Кәсіпкер бұл бағдарламаны Мәскеудегі клиникалардың бірі арқылы жүзеге асырмақ. Болашақ аналарға белгілі бір талаптар қойылған, олардың жасы 37 аспауға тиіс. Сонымен қатар клиниканың бұрынғы дәрігерінің айтуынша, әйелдер тұрмыста болмауы керек.
Дуровтың өкілі кәсіпкердің клиника қызметіне “қаржылық, басқарушылық немесе операциялық тұрғыда еш қатысы жоқ” екенін мәлімдеді. Медициналық мекеменің өзі бастапқыда WSJ сұрақтарына жауап беруге уәде еткен, алайда кейін Telegram негізін қалаушының талабы бойынша сұхбат беруден бас тартқан.
Бұған дейін Дуров өзінің барлық балалары, оның ішінде донорлық шәуеті арқылы дүниеге келгендері де, мұрагерлікке бірдей құқыққа ие болатынын айтқан еді.
“Олардың бәрі – менің балаларым және барлығы бірдей құқыққа ие болады”, – деді ол.
Айта кетейік, былтыр шілдеде Telegram басшысы өзін 100-ден астам баланың биологиялық әкесі екенін мәлімдеген. Оның айтуынша, бұрын ол шәует доноры болған, ал оның биологиялық материалы әлі күнге дейін клиникалардың бірінде сақтаулы. Сондай-ақ Дуров мұндай донорлық идеясын кеңінен насихаттағысы келетінін, бала сүюге тырысқан отбасылардың мүмкіндігі артқанын қалайтынын атап өтті.