Журналистің сөзінше, ғылым мен тілдің логикасы бір емес.
Академик Асқар Жұмаділдаевтың қазақ тіліне қатысты айтқан пікірі қоғамда қызу талқыға түсті. Ол тілдің негізгі қызметі нақты ақпарат беру екенін айтып, қазақ тілінде бүгінгі қолданысқа қажетсіз, артық сөздер көп екенін мәлімдеген еді.
Аталған пікірге белгілі журналист Барманбекова ашық түрде қарсы шықты. Оның айтуынша, академиктің ойы ғылым логикасы тұрғысынан түсінікті болғанымен, тіл табиғатына мүлде сай келмейді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Журналистің сөзінше, ғылым мен тілдің логикасы бір емес. Ғылым үшін ықшамдылық пен дәлдік маңызды болса, тіл үшін мағына тереңдігі мен болмыс шешуші рөл атқарады. «Математикада артық белгі болмайды, ал тілде “артық” деген ұғым жоқ», – дейді ол.
Барманбекованың пікірінше, тіл тек ақпарат жеткізетін құрал емес, ол – адамның ішкі әлемін, тарихи жадын, сезімі мен ойлау қабаттарын бейнелейтін тірі жүйе.
«Тіл адамның өзін сөйлетеді. Оның қорқынышын, үмітін, ұятын, арманын сөз арқылы танимыз. Мұны ешбір формуламен өлшеу мүмкін емес», – деп атап өтті журналист.
Сондай-ақ ол академик көтерген «керексіз сөздер» ұғымымен келіспейтінін айтты. Оның сөзінше, бүгін қолданыстан шыққан сөз ертең әдебиетке, философияға немесе ұлттық сананы тануға қайта оралуы әбден мүмкін. «Тілдегі пассив қор – тарихи жады мен болашақ мүмкіндіктің сақтаушысы», – дейді Барманбекова.
Журналист қазақ тіліндегі кейбір ұғымдардың басқа тілдерде дәл баламасы жоқ екенін алға тартты. Мысалы, «құлазу», «жадау», «дәме», «зәре» сияқты сөздер адам күйін нәзік градациямен сипаттайтынын айтады. Оның пікірінше, мұндай ұғымдарды «керексіз» деп ысырып тастау – қазақ болмысын жұтаңдату.
Барманбекованың айтуынша, синонимдер ғылым үшін артық қайталау болып көрінуі мүмкін, ал тіл үшін олар ой дәлдігінің құралы. «Сөз азайса – ой азаяды. Ой азайса – сана жұтайды. Ал сана жұтаса, ұлттың болашағы әлсірейді», – деді ол.
Журналист тілге тек тұрмыстық қажеттілік тұрғысынан қарау қауіпті екенін ескертеді. Оның сөзінше, тілді тек «пайда әкелетін құрал» ретінде қабылдау – адамды да, ұлтты да қарабайыр деңгейге түсірумен тең.
Қорытындылай келе, Барманбекова ғылым дамуы үшін тіл ғылымға қызмет етуі мүмкін екенін мойындай отырып, ұлттың сақталуы үшін ғылым тілге қызмет етуі тиіс екенін атап өтті. «Қазақ үшін тіл – құрал емес, болмыс. Сондықтан оны соңғы деміміз қалғанша қорғаймыз», – деді ол.