2025 жыл халқымыз үшін мерейлі жыл болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын жаңа 2026 жылмен құттықтады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
«Қымбатты отандастар!
Біз бірнеше минуттан кейін Жаңа жылды қарсы аламыз. Төл тарихымыздың тағы бір белесіне қадам басамыз.
Жұртымыз Жаңа жылды ерекше көңіл-күймен күтеді. Әр адам осы сәтте арман-тілегін айтады. Ескі жылдың ең әсерлі сәттерін еске алады. Болашаққа жоспар құрып, зор үміт артады.
2025 жыл халқымыз үшін мерейлі жыл болды. Еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Әлемдегі ахуал күрделі болса да, экономикамыз өркендеп, ішкі жалпы өнім 6 пайыздан асты. Қазақстанның алтын-валюта қоры 62 миллиард доллардан асты.
Елге ауқымды инвестиция тартып, бірқатар ірі жобаны жүзеге асырдық. «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылды. Бұл – Тәуелсіздік кезеңіндегі ең ірі теміржол құрылысы.
Сондай-ақ он үш мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделіп жатыр. Соның арқасында Қазақстанның транзиттік әлеуеті арта түсті.
Диқандарымыз екінші жыл қатарынан мол өнім алып, қамбаны астыққа толтырды. Ауылды және ауыл шаруашылығын дамытуға баса мән беріп жатырмыз. Шаруаларға бұрын-соңды болмаған қаржылай қолдау көрсетілді, яғни 1 триллион теңге осы мақсатқа жұмсалды.
Биыл жалпы аумағы 19 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Мыңдаған отбасы баспаналы болды.
Әлеуметтік салада көп шаруа жасалды. Жүзден астам мектеп, екі жүзге жуық денсаулық сақтау нысаны бой көтерді. Әлемнің үздік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылды.
Адам құқықтарын қорғауға баса мән беріліп жатыр. Қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидаты орныға түсті, азаматтарымыздың құқықтық сана-сезімі күшеюде.
Біз әр жетістікке жұртымыздың ерен еңбегінің арқасында жеттік.
Азаматтарымыз білім, ғылым, мәдениет салаларында биік белестерді бағындырды. Олар халқымызды рухы асқақ, зияткер ұлт ретінде танытуға зор үлес қосты.
Оқушыларымыз халықаралық білім сайыстарында топ жарды. Спортшыларымыз әлемдік додаларда үздік шықты, Көк туымызды желбіретті.
Биыл біз «Жұмысшы мамандықтары жылын» атап өттік. Еңбек адамдарына айрықша құрмет көрсеттік. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады.
Мемлекет мұғалімдер мен дәрігерлерге жан-жақты қолдау көрсетті және осы саясат ұзақмерзімді стратегиялық сипатқа ие болды. Еліміздің мәдениет және ғылым қайраткерлеріне жан-жақты қолдау көрсетілді.
Адал еңбектің қадірін білетін ұлттың келешегі де жарқын болмақ. Өз кәсібінің нағыз маманы болған отаншыл азаматтар еліміздің көшін алға бастайды.
Осылайша, ХХІ ғасырдың бірінші ширегін абыроймен аяқтадық. Экономикалық және әлеуметтік көрсеткіштер бойынша Қазақстан осы саяси-географиялық кеңістікте көш бастады.
Бәріміз бір ел болып Әділетті, Қауіпсіз, Күшті, Таза, Озық Қазақстанды құрып жатырмыз.
Енді, міне жылқы жылына аяқ басқалы тұрмыз. Қазақ үшін қазанаттың орны қашанда бөлек. Халқымыз «Жылқы жылы жайлы болады» деп ырымдайды. Біз келесі жылдан көп жақсылық күтеміз. Өркениетті ұлт ретінде алысқа көз тігеміз. Алға қойған биік мақсатымыз және нақты жоспарымыз бар», - деді президент.