Аталған көпір - ел үшін стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық нысан.
Семей қаласындағы стратегиялық маңызы бар теміржол көпірінің техникалық жағдайы қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Әлеуметтік желіде тараған бейнематериалдарда көпір конструкцияларында айқын тозу белгілері байқалады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Кадрлардан бетон мен металл элементтердің үгітіліп, қорғаныш қабаттарының бұзылғаны, конструкциялардың жарамсыз күйге түсе бастағаны анық көрінеді. Мамандардың айтуынша, мұндай белгілер нысанның пайдалану мерзімі әлдеқашан асып кеткенін және ұзақ уақыт бойы күрделі жөндеу жүргізілмегенін көрсетуі мүмкін.
Аталған көпір - ел үшін стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық нысан. Ол арқылы тәулік бойы жолаушылар мен жүк пойыздары өтеді. Инженерлік құрылымның мұндай күйі теміржол қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді.
Желі қолданушылары мен қала тұрғындары уәкілетті органдардан шұғыл әрекет етуді талап етіп отыр. Атап айтқанда, көпірге жедел техникалық тексеру жүргізу, оның нақты жағдайына ресми қорытынды беру және қажет болған жағдайда жөндеу, күшейту немесе қайта жаңғырту жұмыстарын дереу бастау қажет екені айтылуда.
Қоғам өкілдері орынды сұрақ қояды:
Әлі қанша уақыт күту керек?
Егер апат орын алса, жауапкершілікті кім мойнына алады?
Бұл - жай ғана бетон мен металл емес. Бұл - адамдардың өмірі мен қауіпсіздігі. Сондықтан құзырлы мекемелер бұл мәселені назардан тыс қалдырмай, нақты әрі жедел шешім қабылдауы тиіс.