$ 508.91  594.36  6.33

«Кінәлі емеспін, адалмын»: Венесуэла президенті сот алдында жауап берді

Ол өзіне тағылған айыптардың ешқайсысын мойындамайтынын айтты. 

Фото: РИА Новости
Фото: РИА Новости

Венесуэла президенті Николас Мадуро Нью-Йорктегі федералдық сотта алғаш рет сөз сөйлеп, өзін АҚШ билігі заңсыз түрде ұрлап әкелгенін мәлімдеді. Ол өзіне тағылған айыптардың ешқайсысын мойындамайтынын айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Сот отырысын жүргізген 92 жастағы судья Элвин Хеллерштейн процесті бастамас бұрын Мадуродан жеке басын таныстыруды сұраған. Осы кезде ол испан тілінде:

«Мен — Николас Мадуромын. Мен Венесула Республикасының президентімін. 3 қаңтар күні мені Каракастағы өз үйімнен күштеп алып кетті», — деп мәлімдеді.

Кейін бұл сөздер аудармашы арқылы ағылшын тіліне тәржімаланды.

Алайда судья Мадуроның сөзін тоқтатып, мұндай мәлімдемелерді кейінірек талқылауға болатынын, ал қазіргі сәтте бұл орынсыз екенін ескертті.

Дүйсенбі күні түстен кейін өткен, шамамен 40 минутқа созылған сот отырысында Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флореске есірткі тасымалы мен қару-жарақтың заңсыз айналымына қатысы бар деген айып тағылды. Алайда екеуі де өздерін кінәсіз деп жариялады.

«Мен кінәлі емеспін. Мен адал адаммын», — деді Мадуро. Оның жұбайы Силия Флорес те тағылған айыптарды мойындаудан бас тартты.

63 жастағы Мадуро мен оның әйелі сенбі күні Каракастағы үйлерінде АҚШ-тың арнайы жасақ бөлімшелері жүргізген операция кезінде ұсталып, кейін Нью-Йоркке жеткізілген. Операция барысында Венесуэла аумағындағы бірқатар әскери нысандарға соққы жасалып, 32 кубалық азаматтың қаза тапқаны хабарланды.

Сот залында Мадуро мен Флорес көк және қызғылт сары түсті түрме киімін киіп, аударманы тыңдау үшін құлаққап тақты. Екеуінің ортасында қорғаушы адвокат отырды. Сот барысында Мадуро қойын дәптеріне әлдене түртіп отырды. Процесс аяқталған соң ол судьядан дәптерді өзінде қалдыруға рұқсат сұраған.

Сот тыңдауы бұған дейін танымал музыкант Шон «Дидди» Комбсқа үкім шығарылған сол федералдық сот залында өтті. Қазір ол Бруклиндегі түрмеде жазасын өтеп жатыр.

Сот кезінде залда отырған бір ер адам кенеттен Мадуроға айып тағып, айқайлай бастаған. Сол сәтте Венесуэла басшысы оған қарап:

«Мен — президентпін және соғыс тұтқынымын», — деп жауап қатты. Ер адам көз жасына ерік бергеннен кейін залдан шығарылды.

Келесі сот отырысы 17 наурызға жоспарланған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары