$ 509.94  593.88  6.43

«Қазіргі жастарды бос ұранмен қызықтыру мүмкін емес, олар басқа» – Әсел Баденова (ВИДЕО)

Қозғалыс жетекшісі қазіргі таңда технология мен жасанды интеллект қарқынды дамып жатқанын атап өтті. 

"Жаңа адамдар" жастар қозғалысының жетекшісі Әсел Баденова Информбюрода қонақта болды, - деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Әсел Баденова сұхбат барысында қозғалыстың дербес әрекет ететінін ерекше атап өтіп, оның жауаптарында астарлы мағына да, «екінші түбі» де жоқ екенін айтты. Ол азаматтардың қазіргі белсенділігіне бірнеше фактор әсер еткенін алға тартып, бүгінгі жастардың басқа екенін айта кетті. 

«Бүгінде жастар барлығына прагматикалық тұрғыда қарайды. Оларды бос ұрандармен қызықтыру мүмкін емес. Жастар үшін нақты әрекет пен нәтиже маңызды. Сіз сұрап отырған сұраныс әлдеқайда ертерек, 2022 жылдан басталды. Сол жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әділетті Қазақстан құру идеясын жариялаған еді», - дейді ол. 

Оның айтуынша, сол кезеңнен бастап қоғам бұл бастаманы ашық қолдап, белсенді түрде үн қата бастаған.

«Дәл сол кезде тең мүмкіндіктер қоғамы идеясы қолдау тапты. 2022 жылы өткен референдум ашық халықтық дауыс беру форматында өтті. Осыдан бастап елде азамат, яғни адам шешім қабылдау үдерісінің орталығына шыққаны анық болды».

Қозғалыс жетекшісі қазіргі таңда технология мен жасанды интеллект қарқынды дамып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар әлемдегі геосаяси жағдайдың күрделене түскенін де еске салды.

«Бүгінде елде жасанды интеллект пен технологиялар қарқынды дамып жатыр. Алайда жаһандық деңгейде геосаяси ахуал күрделі екенін де ескеруіміз керек».

Оның айтуынша, Президент жуырда егемендікті нығайту аясында ішкі саясаттың негізгі қағидаттарын жариялаған.

«Қараша айында Президент егемендігімізді күшейту шеңберінде ішкі саясаттың басты қағидаттарын атап өтті. Соның бірі – “Адал азамат” ұстанымы. Бұл қағидат бізге өте жақын, өйткені біз үшін “Адал азамат” – “Жаңа адамдармен” тең ұғым».

Әсел Баденова «Адал азамат» ұғымына да түсініктеме берді.

«Президенттің сөзін негізге алсақ, “Адал азамат” – заңға бағынатын, жеке еңбегі арқылы табысқа жеткен, өз жолын өзі қалыптастырған адам. Біз қозғалыс аясында дәл осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Әділетті мемлекет дегеніміз – адамның қай отбасынан шыққанына, әлеуметтік мәртебесіне немесе ата-анасына қарамастан, әркімнің табыс пен нәтижеге жетуіне тең мүмкіндік берілуі», - деп жауап берді ол. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары