$ 509.75  594.67  6.46

182 мың доллар криптоактивіне тыйым салынды: блогер Қайсар Қамза халықаралық іздеуде

Ол заңсыз ойын бизнесіне жәрдемдесті деген күдікке ілінуде.

Фото: instagram.com/qais_arr
Фото: instagram.com/qais_arr

Қаржылық мониторинг агенттігі блогер Қайсар Қамзаға не үшін іздеу жарияланғанын түсіндірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Қайсар Қамзаға халықаралық іздеу жарияланған. Сотпен оған қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланған.

Ол заңсыз ойын бизнесіне жәрдемдесті деген күдікке ілінуде. Күдікті 5 жыл бойы «Instagram» әлеуметтік желісінде, «qais_arr» атауымен (2,4 млн жазылушы) белсенді блогерлік қызмет жүргізіп, сондай-ақ «Telegram»-дағы «Қора энтертейнмэнт» жабық арнасын (368 мың жазылушы) басқарған.

Күдікті әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарын пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының азаматтары үшін «Pinco» сайтында тіркелуге және құмар ойындарға қатысуға бағытталған тікелей сілтемелерді, графикалық элементтерді және үндеулерді қамтитын бейнематериалдар мен жарияланымдарды жүйелі түрде орналастырған. Сонымен қатар бейнероликтердің астында пайдаланушыларға бонус беретін жеке промокодын көрсеткен.

- Осылайша, Қайсар Қамза азаматтарды құмар ойындарға тартуға бағытталған онлайн-платформаны жарнамалап, ойын платформасынан сыйақылар, бонустар немесе пайыздық аударымдар түрінде табыс алып отырған. Заңсыз жолмен алынған кірістерді жасыру мақсатында күдікті криптоәмиянды пайдаланған. Оған «Pinco» интернет-казиносының ұйымдастырушыларынан төлемдер түсіп отырған, – делінген хабарламада. 

Сот санкциясымен 182 736,741 USDT көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары