$ 512.16  594.72  6.57

«Бір жылда бір миллион адам жұмыссыз қалуы мүмкін»: Сарапшы жаңа Салық кодексін сынады (ВИДЕО)

Сарапшының сөзінше, 2026 жылдан бастап күшіне енген өзгерістер бизнесті бірден бірнеше бағытта қыспаққа алып отыр.

Парламент Сенатының бұрынғы депутаты Уәлихан Қайсаров Qasqa Jol YouTube арнасында қонақта болды. Ол жаңа Салық кодексіне қатысты алаңдаушылық білдіріп, оның микро және шағын бизнеске ауыр салмақ түсіретінін айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Сарапшының сөзінше, 2026 жылдан бастап күшіне енген өзгерістер бизнесті бірден бірнеше бағытта қыспаққа алып отыр.

«Қазір бизнес үш жағынан бірдей қысым көріп отыр: микро және шағын бизнеске салынатын салық екі есе өсті, қосылған құн салығы 12 пайыздан 16 пайызға көтерілді, ал орта бизнеске шығындардың өзіне 20 пайыз салық салынды. Бұл – бұрын-соңды болмаған жағдай», – дейді ол.

Оның айтуынша, әлемдік тәжірибеде шығындарға салық салу кең тараған тәжірибе емес.

«Әлемнің ешбір елінде кәсіпкердің шығынына салық салынбайды. Ал бізде енді кәсіпкер материал алса да, құрал-жабдық сатып алса да, жалақы төлесе де, соның үстінен тағы 20 пайыз салық төлеуі тиіс», – деп түсіндірді спикер.

Уәлихан Қайсаровтың пікірінше, бұл өзгерістердің салдары ретінде жүздеген мың кәсіпкер жұмысын тоқтатуы мүмкін.

«Кей сарапшылардың есебінше, 2026 жылы 300–400 мыңға дейін микро, шағын және орта бизнес жабылуы ықтимал. Әр кәсіпорында кемінде үш адам жұмыс істейді десек, бір миллионға жуық адам жұмыссыз қалуы мүмкін», – деді ол.

Парламент Сенатының бұрынғы депутаты мұндай жағдайда мемлекеттің әлеуметтік жүктемесі одан әрі арта түсетінін атап өтті.

«Жұмыссыз қалған адамдарды асырауға қайтадан бюджеттен қаржы бөлінеді. Ал жаңа зауыттар мен фабрикалар ашылып жатқан жоқ. Бір миллион адамды жұмыспен қамтитын ресурс қазір жоқ», – дейді сарапшы.

Сондай-ақ Қайсаров үкіметке бұл нормаларды бірден емес, кезең-кезеңімен енгізу қажет болғанын алға тартты.

«Егер салықтық өзгерістер біртіндеп енгізілсе, бизнес бейімделер еді. Ал қазір бұл балтамен шапқандай әсер етті. Мұндай қысым микро және шағын бизнесті жойып жіберуі мүмкін», – деп түйіндеді Қайсаров.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары