20.01.2026, 15:20

«Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ға енгізуіміз керек» – Президент

Фото: kazgazeta.kz

Қазіргі «Адал азамат» тұжырымдамасы ұлы ойшылдың «Толық адам» идеясымен тығыз астасып жатыр.

Мемлекет басшысы ұлттық, рухани мұраларымызды да атап өтті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

«Сондай-ақ Абай ілімі біздің ұлттық бірегейлігіміздің, ұлттық болмысымыздың өзегі болуға тиіс. Оның ой-толғамдары қанша заман өтсе де өзекті болып қала береді. Қазіргі «Адал азамат» тұжырымдамасы ұлы ойшылдың «Толық адам» идеясымен тығыз астасып жатыр. Біз Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізуіміз керек. Әл-Фараби, Ясауи ілімдері де ұлт руханиятының ұстыны саналады. Ашығын айтсақ, ұлы бабаларымыздың өсиеттерін олардың мерейтойы кезінде ғана еске аламыз. Бұл – дұрыс емес.

Сондықтан Әл-Фараби, Ясауи және Абай ілімдерін жан-жақты дәріптейтін ғылыми жиындарды тұрақты өткізіп тұруымыз қажет. Бұл басқаға емес, ең алдымен өзіміз үшін керек. Олардың мұралары – біздің рухани-философиялық болмысымыздың тірегі. Еліміздің гуманитарлық институттары ұлы ойшылдарымыздың ілімін жүйелі түрде насихаттағаны жөн. Басты міндет – халқымыздың баға жетпес қазынасы – ұлттық мұрасын сақтап, ұрпаққа табыстау. Осы ретте кейбір құрылтай мүшелерінің философия, әлеуметтану, саясаттану сияқты ғылымдарды дамыту және қоғамдық-саяси ой-пікірлер көптомдығын әзірлеу туралы ұсынысын атап өтуге болады. Сондай-ақ олар ғылыми мекемелердің зерттеулері онлайн платформа арқылы бәріне бірдей қолжетімді болуы керек екенін айтты. \

Жуырда Астана мен Алматыда президенттік кітапханалардың құрылысы басталады. Меніңше, бұл нысандар тек кітаптар жиналған жер емес, қазақтың тарихын, мәдениеті мен өркениетін дәріптейтін орталықтар болуы керек».