23.01.2026, 16:40

«2015 жылы көзіме шөп салғанын білдім»: Бишімбаевтың экс әйелі өткенін есіне алды (ВИДЕО)

Коллаж: sn.kz

Сондай-ақ ол бұрынғы күйеуінің ата-анасы қарым-қатынасқа үнемі араласқанын атап өтті.

Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қаһарман әлеуметтік желідегі трендке ілесіп, 2016 жылы басынан не өткергенін баяндады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оның айтуынша, бәрі Мальдив аралдарындағы демалыстан басталған.

«Мальдивтен бастайын. Жаңа жылдан кейін бірден Қуандықпен және отбасылық достарымызбен бірге бардық. Демалыстың басым бөлігі менің күдігім мен қызғанышымның кесірінен жанжалмен өтті. 2015 жылы оның опасыздық жасағанын білдім, алайда отбасымызды сақтап қалуға және қарым-қатынасымызды түзетуге тырыстық».

Назым Қаһарман сол кезеңде бар жауапкершілікті өз мойнына алғанын айтады. Ол демалыс кезінде жұбайының өзге әйелмен байланысын жалғастырғанын сезгенін, бірақ шындықты тек бір жылдан кейін білгенін жазды.

«Сапардың бар уақытында ол басқа әйелмен байланысын үзбеді. Мен оны бүкіл жол бойы күдіктеніп жүрдім. Ал өзімнің дұрыс болғанымды бір жылдан кейін, тергеу кезінде, оның хаттарын оқығанда білдім».

Сондай-ақ ол бұрынғы күйеуінің ата-анасы қарым-қатынасқа үнемі араласқанын атап өтті.

«Оның ата-анасы үнемі араласты. Мен өзімді үш адамға бірдей тұрмысқа шыққандай сезіндім. Әкесі — өте амбициялы әрі нарцисс. Ал анасы тіпті күшті. Қуандықтың барлық антиәлеуметтік, психопатиялық қасиеттері сол кісіден дарыған».

Назым Қаһарман сырт көзге мінсіз көрінген отбасының ішкі шындығын да жасырмады.

«Міне, осындай фасадқа қызмет еттім. Сыртынан әдемі, бақуатты отбасы. Ал ішінде — өтірік, пайдалану, тұрақты психологиялық зорлық. Кейін физикалық агрессия да басталды. Әрине, бәріне өзімді кінәладым».

Айта кетейік, Назым Қаһарман бұл жазбасы арқылы зорлық-зомбылықтың тек көзге көрінетін емес, жасырын түрде де болатынын көрсетіп, қоғам назарын отбасындағы психологиялық қысым мәселесіне аударуды мақсат еткен.