24.01.2026, 15:40

«Бұл – үлкен жауапкершілік»: Ерлан Қарин реформа туралы жан-жақты айтты

Фото: Конституциялық сот

Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтіп жатыр.

Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтіп жатыр. Онда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин реформа туралы жан-жақты айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

«Сіздерді Конституциялық комиссия жұмысының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Конституциялық комиссияның құрылуын тарихи оқиға деуге болады. Қазақстан ауқымды өзгерістің, түбегейлі бетбұрыстың алдында тұр. Халқымыз ұлт жылнамасындағы жаңа кезеңге қадам басқалы отыр. Міне, осындай шешуші сәтте бізге аса маңызды миссия жүктелді. Бұл – үлкен жауапкершілік. Бүгін осы залға түрлі саланың кәсіби мамандары, тәжірибесі мол, елге белгілі азаматтар жиналған.  Бәріміздің мақсат-міндетіміз – ортақ. Сондықтан, осы айрықша міндетті абыроймен атқарып шығамыз деп сенемін», – деді Қарин.

Ерлан Қарин Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының атқарған ісіне тоқталды. Оның сөзінше, бүгін жұмысын бастағалы отырған Конституциялық комиссия – осыған дейін жарты жыл бойы жұмыс істеген Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының заңды жалғасы. Сондықтан ол алдымен осы Жұмыс тобының жалпы қызметі мен оның аясында атқарылған шаралар туралы баяндап берді. 

«Өздеріңіз жақсы білетіндей, өткен жылдың 8 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бір палаталы Парламентке көшу туралы бастама көтерді. Мұны ел азаматтарының көпшілігі қолдады. Қазан айында Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жүргізген зерттеуге сүйенсек, респонденттердің 70 пайызға жуығы осы идеяға қолдау білдірген. Бір айдан кейін 8 қазанда Президент Өкімімен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына Парламенттегі саяси партия фракцияларының жетекшілері, белгілі заңгер-ғалымдар, сарапшылар мен қоғам белсенділері, Ұлттық Құрылтай мүшелері енді», – деді Қарин.

14 қазан күні Жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Оған Президент арнайы қатысты. Сол отырыста Жұмыс тобының мүшелері ауқымды өзгерістер Конституцияның бірнеше бөлімін қамтитынына назар аударды. Мұндай ауқымды түзетулер кезінде азаматтардың да пікірі ескерілуге тиіс. 

Сол себепті 14 қазанда азаматтардың ұсыныс-пікірін жинақтау үшін e-Otinish және  eGov порталдарында «Парламенттік реформа» деген арнайы бөлім ашылды. Парламентаризм институты келіп түскен ұсыныстарды жинақтап, жүйелеумен айналысты. 

Сонымен қатар бұл іске Заңнама және құқықтық ақпарат институты, Стратегиялық зерттеулер институты тартылды. Бұл құрылымдар парламентаризмге қатысты халықаралық тәжрибені бір ай бойы мұқият зерделеді. Осылайша, Жұмыс тобының мүшелеріне барлық ақпарат пен талдау нәтижелері ұсынылды. 

«Қазан айынан бері парламенттік реформаға қатысты ұсыныстар түгел  жинақталды. Соның ішінде Жұмыс тобының мүшелеріне алдағы реформаға қатысты өз ұсыныс-пікірлерін әзірлеуге бір ай уақыт берілді. Жұмыс тобының мүшелерімен қатар,  Amanat, Ауыл, Respublica, Ақ жол, Қазақстан халық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы өздерінің ой-пікірін дайындап, жолдады. Сондай-ақ «Байтақ» партиясы, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысы, Республикалық адвокаттар алқасы, «Toqtamys» адвокаттар қауымдастығы, Халықаралық арбитраж және медиация палатасы, Парламентаризмді дамыту қоры, Экономикалық саясат институты, «Азаматтық бастама» бастамашылық тобы және басқа да ұйымдар өз ұсыныстарын жолдады», – деді спикер.

Ерлан Қарин жалпы саны, конституциялық реформаға қатысты 7 саяси партия, 16 қоғамдық ұйым өз ұсыныстарын жібергенін атап өтті. Ал, е-Otinish және eGov порталдары арқылы азаматтар мен қоғам белсенділері тарапынан 600-ден астам ұсыныс түсті. 20 қарашада Мемлекет басшысы Парламенттік реформа жөнінде жұмыс кеңесін өткізді. 

Президент азаматтардан, сарапшылардан және қоғам белсенділерінен түсетін ұсыныстардың барлығын жан-жақты зерделеуді тапсырды. 

2 желтоқсанда Жұмыс тобының екінші отырысы өтті. Жиында жаңа Парламенттің құрамына қатысты мәселелер қарастырылды. 

Атап айтқанда, бір палаталы Парламенттің өкілеттік мерзімі, депутаттар саны, квоталар және сайлау тәртібі талқыланды.    

29 желтоқсанда Жұмыс тобының үшінші отырысы өтті. Онда болашақ Парламенттегі заң шығару үдерісінің негізгі бағыттары талқыланды.

6 қаңтарда Мемлекет басшысы Парламенттік реформа туралы арнайы жұмыс кеңесін өткізді. Жұмыс тобына конституциялық реформаға қатысты негізгі ұстанымдарды әзірлеуді тапсырды. 

9 қаңтарда Жұмыс тобының кезекті төртінші отырысы ұйымдастырылды. Онда болашақ Парламенттің басқа билік институттарымен өзара іс-қимылына және бір палаталы Парламенттің атауына қатысты ұсыныстар талқыланды. 

12 қаңтарда Мемлекет басшысы Парламенттік реформа бойынша кезекті жұмыс кеңесін өткізді. Президент конституциялық реформаға қатысты түпкілікті шешімді еліміздің азаматтары жалпыхалықтық референдумда қабылдайды деп нақты айтты. 

15 қаңтарда Жұмыс тобының бесінші отырысы ұйымдастырылды. Онда жаңа Парламенттің негізгі мемлекеттік институттардың қызметін қамтамасыз етудегі құзыреті талқыланды. 

19 қаңтарда, яғни, осы аптаның басында Жұмыс тобының алтыншы, қорытынды отырысы өтті. Оған Мемлекет басшысы өзі қатысты.  Жұмыс тобының мүшелері Мемлекет басшысына атқарылған жұмыстар туралы баяндап, ортақ ұстанымдарды таныстырды. Президент бұл ұстанымдарға қолдау білдіріп, көп ұзамай қосымша өз ойларын да ортаға салатынын айтты. 

Осылайша, Жұмыс тобы жарты жыл бойы  белсенді жұмыс істеп, Парламенттік реформаға қатысты мәселелерді 6 отырыста жан-жақты талқылады.

«Осы орайда, Парламенттік реформа туралы Жұмыс тобының барлық мүшелеріне белсенді қызметтері үшін ризашылығымызды білдіреміз. Осы аптада, яғни, 20 қаңтарда Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы Қазақстанның алдағы саяси бағыт-бағдарын айқындап берді.  Жұмыс тобы әзірлеген жалпы тәсілдердің негізгілерін халық назарына ұсынды.  Ұсыныстар Парламенттік реформа аясынан шығып, Негізгі заңның басқа да бөлімдерін қамтитынын атап өтті. Мемлекет басшысы конституциялық реформаға қатысты өз ұстанымдары мен ұсыныстарын ортаға салды. Өздеріңіз білетіндей, Президент жаңа Парламентті Құрылтай деп атауды ұсынды.  Бұл бастаманың мән-маңызы – ерекше», – деді Қарин.

Оның сөзінше, Мемлекет басшысы «Еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек» деп нақты атап өтті.  Шын мәнінде, жаңа кезеңде жаңа өкілеттікке және ерекше атауға ие болған Құрылтай қазақ жеріндегі парламентаризмнің тамыры тереңде жатқанын аңғартады.     

Ерлан Қарин жұмыс тобы конституциялық реформаға қатысты ұсынған жаңашылдықтарды тарқатып айтып берді.

«Бірінші – Құрылтайдағы депутат саны туралы. Бұл мәселе Жұмыс тобы мүшелері арасында біраз пікірталас туғызды. Біздің түпкі мақсатымыз – кәсіби әрі тиімді Парламент құру. Осыны ескере келе, Жұмыс тобы Құрылтайда 145 депутат болуы керек деген тоқтамға келді. Екінші – Құрылтайға депутат болудан үміткерлерге қойылатын талаптар туралы. Осы мәселеге қатысты да түрлі пікір айтылды. Бұлай болуы заңды да. Кейбіреулер қазіргі талаптарды сол күйі қалдырайық, ешқандай өзгеріс енгізудің қажеті жоқ деген пікір айтты. Енді біреулер талаптарды барынша қатаңдату қажет деп санайды. Қазіргі заң бойынша жасы 25-тен асқан  азаматтарымыз Мәжіліс депутаты бола алады. Сондай-ақ, олар кейінгі 10 жылда еліміздің аумағында тұрақты тұруы шарт. Ең бастысы, елге қызмет етем деген азаматтардың халық қалаулысы атануға мүмкіндігі болуы қажет. Жұмыс тобы қазіргі Мәжіліс депутаттарына қойылатын талаптар Құрылтайға да қатысты болып, сол қалпында қалғаны жөн деген пайымға келді.  Ал Құрылтай депутаттарына қойылатын қосымша талаптар конституциялық заңда айқындалуы мүмкін», – деді ол.

Үшінші – Құрылтай депутаттарын сайлау жүйесі туралы.  

Жұмыс тобы толығымен пропорционалды тәсілге көшуді бірауыздан қолдады. Бұл – Мемлекет басшысы былтырғы қыркүйектегі Жолдауында көтерген бастама.  

Сол кезде Президент: «Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын. Бұл – әлемде кеңінен таралған парламенттік рәсім»  деген болатын. 

Пропорционалды сайлау жүйесі партиялардың кадрлық саясатын дамытып, институционалдық рөлін арттыра түседі. Саяси күштердің қоғам алдындағы жауапкершілігін  де күшейтеді. 

Төртінші – Құрылтай депутаттарының өкілеттілік мерзімі туралы.  

Мемлекет басшысы бұған қатысты ұстанымын Ұлттық құрылтайдың Қызылордада өткен отырысында айтты.  Ол «Жаңа Парламентте депутаттарды бес жыл мерзімге сайлау көзделіп отыр» деп нақты атап өтті. Жұмыс тобы да осы пайымға тоқтады. Бұл мерзім болашақ Құрылтай құрамын жаңартып отыру тұрғысынан тиімді, яғни сайлау науқандарының жиілігі жағынан алғанда қолайлы болмақ.

Бесінші – Бір палаталы Құрылтайдың заң шығару үдерісі туралы. 

Бұл мәселе де Жұмыс тобының отырыстарында жан-жақты талқыланды. Нәтижесінде, Құрылтай жұмысына заң жобаларын үш оқылымда қарастыру форматын енгізу ұсынылды.  Алғашқы екі оқылымда заң жобасының мазмұны айқындалады. Ал үшінші оқылым заң жобасының заңнамалық тұрғыдан дұрыстығын қамтамасыз етеді. 

Бұдан бөлек, заң шығару үдерісінің үздіксіз болуын қамтамасыз ету мәселесі көтерілді. Парламентте екінші палатаның болмауы бұған кедергі келтірмеуге тиіс. 

Сондықтан, Парламент болмаған кезде  заң шығару функциясы мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы – Президентке жүктеледі. 

Жұмыс тобы осындай ұсыныс енгізді. 

«Алтыншы – Парламенттегі квоталар. Бұл туралы Президент Ұлттық құрылтай отырысында егжей-тегжейлі баяндады. Мемлекет басшысы айтқандай, «президенттік квота» деген болмайды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайдың отырысында «Депутаттардың ішінде арнайы тағайындалған «таңдаулы тұлғалар» болмауы керек. Олар бәріне бірдей, ортақ тәртіппен сайлануға тиіс» деді. Мұндай қадам болашақ Құрылтайдың құрамын жасақтағанда бәріне бірдей мүмкіндік берілуін қамтамасыз етеді. Ал әйелдерге, жастарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған партиялық квота сақталады.  Себебі бұл – Парламенттік емес, партиялық тізімдегі квота. Мұның барлығы конституциялық заңдар деңгейінде шешілетін мәселелер», – деді Қарин.

Жетінші – Президент институтының қызметіне қатысты Құрылтайдағы дауыс кворумы туралы.   

Бұл да Жұмыс тобының отырыстарында жан-жақты талқыланды. Жұмыс тобы қазіргі Конституцияның 47-бабында қамтылған барлық рәсімдерді болашақ Құрылтай моделінде қалдыруға болады деген байламға келді.  Бұл – тепе-теңдік тежемелік механизмдерін сақтауға мүмкіндік беретін қадам.

Сондықтан, қазіргі конституциялық рәсімдер мен дауыс берудің ара қатынасын Құрылтай моделіне бейімдей отырып сақтап қалу ұсынылды. 

Сегізінші – Негізгі мемлекеттік органдардың құрамын жасақтау ісіндегі Құрылтайдың құзыреті туралы.   

Жұмыс тобының бұған қатысты ұсыныстарын Мемлекет басшысы Қызылордадағы Құрылтайда айтып өтті.  

Бір палаталы Парламент үлгісіне көшуге байланысты заң шығарушы органның рөлін күшейту кезінде тежемелік тепе-теңдік жүйесін қамтамасыз ету өте маңызды.

Қазіргі Конституцияға сәйкес, Конституциялық соттың, Жоғары аудиторлық палатаның және Орталық сайлау комиссиясының құрамын жасақтау құзыреті Мәжіліс, Сенат және Президент арасында теңдей бөлінген. 

Енді осы маңызды мемлекеттік құрылымдардың барлық мүшесі Құрылтайдың келісімімен ғана тағайындалуы қажет деген ұсыныс айтылды.  

Бұған қоса Президенттің ұсынысы бойынша Жоғары соттың барлық судьяларын сайлау құзыретін жоғары өкілді орган депутаттарына беру ұсынылды. 

Сонда Құрылтай конституциялық органдарды қалыптастыратын беделді институтқа айналады.

«Бұл – билік тармақтары арасындағы тежемелік тепе-теңдік жүйесін нығайту және ұлттық парламентаризмді дамыту жолындағы маңызды қадам.  Осылайша, Жұмыс тобы Сенаттың ерекше қарауына кіретін өкілеттіктерді қайта қарады. Ал, Мәжілістің өкілеттіктерін Құрылтайға беру ұсынылды.  Мұндай тәсіл «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасымен толық үндеседі», – деді мемлекеттік кеңесші.