24.01.2026, 22:30

«Бауыр тұсынан енген»: Түркістанда 8 айлық баланың ішінен ине табылды

Фото: Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасы

Сәбидің мазасыздануы мен дене қызуының көтерілуі жұқпалы аурумен емес, дәл осы бөгде заттың әсерінен болғаны белгілі болды.

 

Түркістан қалалық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне қызылша болуы мүмкін деген диагнозбен 8 айлық сәби жеткізілді. Тексеру барысында жүргізілген рентгенологиялық зерттеу нәтижесінде баланың іш қуысынан бөгде зат табылған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Сәбидің мазасыздануы мен дене қызуының көтерілуі жұқпалы аурумен емес, дәл осы бөгде заттың әсерінен болғаны белгілі болды.

Дәрігерлердің айтуынша, ине баланың асқорыту жолы арқылы емес, бауыр тұсынан енгені анықталған. Баланың анасы инені сәби өздігінен жұтпағанын жеткізді.

Түркістан қалалық орталық ауруханасының және қалалық балалар ауруханасының дәрігерлері бірлесіп, шұғыл ота жасап, қажетті ем-шараларды толық көлемде жүргізді.

“Уақытылы жасалған хирургиялық ота мен тұрақты емнің арқасында сәби қазіргі таңда жылдам қалпына келе бастады. Бұл жағдай сәбидің анасы тарапынан барлық ата-аналарға арналған сақтық үндеуі болды. Ол балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән беріп, жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін тұрмыстық заттарға мұқият болуға шақырады”, – делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасы таратқан ақпаратта.